Шүкір, Тәуелсіздікке қол жеткізіп, егеменді ел болып, әлемдік өркениет сапында өсіп, өркендеп жатырмыз. Саясат, экономика уақыт ағымына сай өз деңгейінде. Біздің айтпағымыз, т арихымыздың түгелденіп жатқаны, қазақ елінде ұлттық құндылықтарымыздың ұлықталуы, қазақ жерінде тарихи тұлғалардың бағалануы, оларға көрсетіліп жатқан құрмет туралы. Өйткені, қазақ халқының тарихта өзінің лайықты орнын алуы, қазақи қасиеттердің қалыптасуы, мемлекеттің мәртебесі жоғары, тұғыры берік болып, Туы көкте желбіреуі, Әнұраны көкте шалқуы осы айтқан әрекеттерге тікелей байланысты. Тағы да «шүкір» деп айтайық, тарихымызды ақтаңдақтан тазартуда, қазақ мемлекеттілігін нығайтуда атқарылып жатқан игілікті істер аз емес. Қазақ – қанағатшыл халық. Бірақ, қанағатшылдықтың да орны бар. Ол қанағатшылдық байлық, дүние-мүлік, жалпы алғанда материалдық игілік жөнінен болса, оған талас жоқ. Ал, Алланың берген нәсібесін адал еңбекпен ел игілігіне жаратып, ел байлығын еселеудің жөні басқа. Ол – керек іс және үнемі дамытып отыруға тиіс. Онсыз көштен қалып қоясың. Ал, тарихты зерделеуде, оны құрметтеуде, ұлттың ұлылығын дәріптеуде, салт-дәстүрді ұстануда ешқандай қанағатшылдықтың қажеті жоқ. Керісінше, тарихты зерттеп-зерделеп, асылдарымызды ардақтай білуіміз керек. Ол – біздің, барлығымыздың борышымыз. Осы ретте біздің ұсынысымыз бар. Жамбыл ауданының қалыптасуына, бүгінгідей өсіпөркендеуіне үлес қосқан азаматтар көп. Солардың ішінде марқұмдар – Әнуарбек Сандыбаевтың, Юрий Морозовтың, Таласбай Әбдіқұловтың шоқтығы биік. Әнуарбек Сандыбаев кеңестік кезеңде, Юрий Морозов пен Таласбай Әбдіқұлов Тәуелсіздік тұсында ауданға зор еңбек сіңірген тарихи тұлғалар. Аудан орталығы Аса ауылы жыл өткен сайын жасарып, жаңғырып келеді. Осы ауылда жаңадан бой көтергелі жатқан шағын аудандағы көшелерге осы үш азаматтың аттарын беріп, құрмет көрсетілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Олар бұл құрметке әбден лайық. Біздің осы ұсынысымызды аудан жұртшылығы қолдап, ономастикалық комиссия ескеруін сұраймыз!
Құрметпен, Досжан ТОҚБЕРГЕНОВ, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы,
Болат ЖАППАРҰЛЫ, ардагер журналист.