Жаһанды жайлаған пандемия жұмыр басты пендені әлекке салғаны жасырын емес. Індет бірден лап бергенде кеселдің құрсауынан ешкім де құтыла алмасын білді. Алғашында ел медицинасы көрінбес жауды ауыздықтаудың амалын таппағаны рас. Кейіннен ақ халатты абзал жандар тығырықтан шығудың бірқатар жолдарын қарастырды. Білікті дәрігерлер пандемияға дейінгі қалыпты өмірге оралуының жалғыз жолы вакцинациялау екенін айтты. Бүгінде елімізде коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация тегін, ерікті түрде жүргізіледі.
Осы мақсатта еліміздегі коронавирус пандемиясымен күрес жөніндегі «Ел үшін егілемін» азаматтық штабының өкілдері өңірге арнайы ат басын бұрып, аудандық емхананың жұмысымен жан-жақты танысып шықты.
Әуелі ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев, республикалық «Қоғамдық бақылау және мониторинг» қоғамдық бірлестігінің басшысы Саида Таукелева, аталған штабтың өкілі Мирас Аукенов аудандық емхана қызметкерлерімен кездесті. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Алтай Сауруков штаб мүшелеріне емхана ішіндегі арнайы жасақталған бөлмелерді көрсетті. 2 екпе егу бөлмесі мен екпеден кейінгі бақылау бөлмесін көрген штаб мүшелері ерікті түрде екпе ектіруге келген тұрғындармен сөйлесіп, вакцинаның маңыздылығын түсіндірді. Сондай-ақ олар ыстығы көтерілген жүкті әйелдерді, балаларды, мүгедектерді бақылауға алып күтетін арнайы сүзгі (фильтр) кабинеттерін, екпеден кейінгі бақылау аймағын, вакцинаны сақтау орындарын көріп, емхананың иммунолог дәрігері Жадраш Тотаевадан бүгінде вакцинациялаудың қалай жүріп жатқанын сұрап білді.
– Жалпы, аудан көлемінде вакцинаның бірінші компонентін 35383 адам қабылдаса, екінші компонентін 32483 азамат салдырған, – деді дәрігер. Оның сөзіне қосылған Алтай Мұхтарұлы аудан азаматтарының 97 пайызы екпе алғанын жеткізді. Оның адам өміріне пайдасы, түрлі аурулардан қорғануына септігі мол екенін жеткізген дәрігер, сонымен қатар екпенің маңыздылығын ауылдық округ әкімдерімен, мешіт имамдарымен, тағы да басқа зиялы қауым өкілдерімен бірлесіп халыққа кеңінен насихаттап жүргендерін тілге тиек етті.
Бұдан кейін штаб мүшелері Қарой ауылдық округінде жылжымалы медициналық кешеннің жай-күйімен танысты. Аудандық орталық аурухананың кордиологы Айнұр Танабаеваның айтуынша, көпбейінді жылжымалы медициналық кешеннің көмегімен кордиолог, гинеколог, узист, невропатолог, рентген-лаборант және тағы да басқа дәрігерлер шалғайдағы жергілікті тұрғындардың үйлеріне өздері барып, кестеге сәйкес қызмет көрсетеді.
Ауданымызда болған штаб мүшелері денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың жұмысын оң бағалап, елдің амандығын тіледі.
Мақсат ЖҰМАБАЕВ