Құрылыс нысандарын аралады

Апта аралығында аудан әкімі Сәкен Арубаев орынбасары Нұрлан Несіпбековпен бірге ауылдық округтердегі құрылыс нысандарын барып көрді.
Әуелі өңір басшысы Аса ауылындағы «Бәйтерек» тұрғын үй алқабына тартылып жатқан кәріз жүйесінің құрылысымен етене танысып, жауаптылардан жұмыс барысын сұрап білді.

Кәріз жүйесінің құрылысына «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде қаражат қаралып, қазіргі таңда құбырлар тартылуда. Ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын кәріз жүйесі шаруашылық-тұрмыстық ағынды суларды тазарту жүйесіне барып қосылады. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 75 пайызы аяқталған. Жыл соңына дейін кәріз жүйесі іске қосылмақ.
Бұл күні ұзындығы 5 шақырымға созылған Ерназар-Қойгелді бағытындағы автожолды жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалмады. Автожолға жол жабындысы төселіп жатыр. Ел игілігі үшін жасалып жатқан тірлікті барып көрген өңір басшысы жұмысқа жауапты мекеме «ТехСтройИнжинеринг» ЖШС-нің учаске бастығы Темірхан Әбдірамановқа ең алдымен сапаға баса мән беру қажеттігін, одан кейін жұмыс белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп, уақтылы аяқталуы керектігін айтты.
Қайтар жолда Сәкен Қаланұлы Өрнек ауылына ат басын бұрып, елді мекенде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынып жатқан 140 орындық Мәдениет үйінің құрылысына зер салды. Жауаптыларға назардағы нысан көрсетілген мерзімінде берілуі керектігін ескертіп, құрылыс жұмыстарын ширатуды, қажет жағдайда қосымша жұмыс күшін тартуды тапсырды. Алдағы аптада тағы да келіп, жұмыс барысын өзі бақылауға алатынын тілге тиек етті.

Ильяс Қалыбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.