Меніңше, атом электр станциясы Қазақстан үшін аса қажет. Осы тақырып төңірегінде жан-жақты зерттеу жасап, ақпарат іздедім. Алдымдағы материалдарды оқып отырып, бізге АЭС керек деген ой түйдім. Неге? Өйткені, елімізде электр қуатының тапшылығы бар. Осыны түсініп алуымыз керек. Мұны Президенттің өзі айтты емес пе?!
Осы уақытқа дейін қуат алып келе жатқан құрылымның көбіКеңес үкіметінен қалған. Ескі энергия көздері келешекте біршама қиындықтарға соқтыруы әбден ықтимал. Халық саны жылдан жылға артып, электр қуатына деген сұраныс артып келеді. Электр энергиясы жеткілікті болмай, экономикада да ілгерілеу жоқ. Қазақстанның ірі қалаларында уақыт өткен сайын электр қуатымен жүретін автокөліктердің саны көбеюде. Қиял-ғажайып ертегілер мен фантастикалық фильмдердегі өмір ақырындап шындыққа айналуда. Бәрі электр көзінен қуат алады.
Инвестиция тарту – еліміз үшін маңызды. Ертең инвесторлар да қуат көзінен тапшылық көрмеуі керек деп ойлаймын. Жарығы жиі өшетін, алып зауыттары тоқтың жетіспеушілігінен істен шығатын ел қай инвесторға қажет?!
Елімізден небір мықты қыз-жігіттер шетелдерге оқуға кетіп жатыр. Жаңа технологияларды игеруге қабілеті жететін жастарды осы салаға әзірлеу – алдымыздағы маңызды міндеттердің бірі болуы керек деген пікірдемін. Сол жаңа буынның әлеуетін дұрыс пайдалану – жөн іс. Әсіресе, осы атом электр станциясына қажет мамандарға ден қойылса. Кадр мәселесі – қай кезеңде де өзекті.
Бұдан қорықпауымыз керек. Үрейленіп, біржола бас тартуға болмайды. Дамыған елдерде атом электр станцияларының жанында бау-бақша жайқалып тұр. Негативті ақпарат ағыны да халықтың санасына кері әсерін тигізуде. Бұлай жалғаса берсе, өз болашағымызға балта шабамыз десек, артық айтқанымыз емес. Келешектің қамын ойлауымыз керек-ау. Қашанғы ескімен күн кешеміз? Заман осы қалпында сақталмайды. Бәрі өзгереді. Өзгерістерге икемделе алатын мықты мемлекетке айналуды осы бастан ойлаған абзал. Озық тәжірибенің барлығын өзімізге әкелейік, үйренейік.
Егемен ел болғаннан кейін өзіміздің электр қуатымыз болғанын қалаймын, әлбетте. Мысалы, Францияда 56 АЭС бар екен. Көршілес іргедегі Өзбекстан құрылысты бастап кетті. Қазақстан үшін бір АЭС дегеніңіз аздық етеді. Кем дегенде бесеу салынса, тапшылықтан алшақтаймыз.
АЭС құрылысы осы күнде қауіпсіз екені барлық жағынан дәлелденген. Еліміз осыған кіріссе, әлбетте, жаңа технологияны пайдаланды. Бұл – болашақ үшін ауадай қажет деп ойлаймын.
Кез келген мәселеге сауатты қарау керек деп есептеймін. Қазір ақпараттың заманы. Не білгіңіз келсе, көргіңіз келсе, бәрі ғаламторда тұр. Алдағы референдумға дейін көзі ашық, көкірегі ояу әр азамат осы тақырып төңірегінде өзінің әлеуетінше зерттеу жүргізіп, болашақтың энергиясы хақында мәлімет жинай алады. Бүгінгі таңда мемлекет бәрін жете түсініп отыр. Халықтың не себепті үрейленетінін де. Сол себепті қарашаға құлақ аспақ. Халық өз болашағына дауыс береді. Ал, болашақ дегенге зор жауапкершілікпен қарайық. Біз сияқты жас ұрпаққа салмақты, құнды байлық қалдыру – алдыңғы толқынның міндеті.
Қыр артынан жаңа дәуірдің таңы көрінді. Сол заманның тілін кім тапса, сол дегеніне жетпек. Жаңашылдықтан қашу кез келген елді дағдарысқа тірейтіні тарихтан белгілі.
Жәнібек АСАНОВ, ҚР Журналистер одағының мүшесі.