Жетінші шақырылған Жамбыл аудандық мәслихаты депутаттарының ауылдық округтерде азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдауы жалғасуда. Халық үніне құлақ асып жатқан депутаттар азаматтардың мұң-мұқтажын біліп, елге ортақ түйткілді мәселелерге мән беруде. Басқосуларда тұрғындар өздерін, сонымен қатар жұртшылықты не толғандыратынын ашық айтуда.
Бірлесуеңбектіктерге балабақша қажет
Ақбастау ауылдық округіне қарасты Бірлесу-Еңбек ауылында балабақша мәселесі өзекті болып тұр. Ауылдағы мектеп жанындағы шағын орталықта орын жоқ. Жергілікті тұрғындар бұл мәселені жылда өтетін аудан, ауылдық округ әкімдерінің есепті кездесулерінде талай рет көтерген. Бос тұрған ескі мектепті балабақша ретінде пайдалануға беру жайында айтып, көмек сұраған. Алайда тұрғындар әлі де көрші ауылдардағы балабақшаларға балаларын апарып әбігерге түсуде.
Аудандық мәслихаттың депутаты Индира Тоғанбаеваның Ақбастау ауылдық округі әкімінің қызмет бөлмесінде өткізген қабылдауында бірлесуеңбектік Гүлмира Сатыбалдиева осы мәселені тағы да көтеріп, оның шешілуіне ықпал етуін өтінді. Көпшілік күткен нысан салынып жатса, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылатынын айтты.
Ал, Жапарбеков көшесінің тұрғыны Меруерт Жаманқұлова ауылда «жетім көше» деп аталып кеткен көшеге газ, электр, таза ауызсу желісі мүлдем тартылмағанын, қаз-қатар тұрған жеті тұрғын үй өз күнін өзі көріп жатқанын көлденең тартып, оларға да тиісті жағдай жасалынса деген өтінішін білдірді. Тұрғынға Индира Бекенқызы: «Бұл туралы бірінші рет естіп тұрмын. Сіздердің тараптарыңыздан көтерілген мәселелерді назарға аламын, округ әкіміне жеткіземін», – деп жауап берді.
Жергілікті жұрттың өтінішін назарға алды
Аудандық мәслихаттың депутаты Алтай Стамқұловтың қабылдауында болған Ащыбұлақ ауылының тұрғыны Гүлнар Күзербаева елді мекенге былтыр, Шайдана ауылына биыл газ құбыры тартылғанын, үйме-үй жүргізілгенін айтып, округке қашан газ берілетінін сұрап білді. Бұл сауал көптің көкейінде жүргенін, жаз мезгілінде тұрғындардың біразы қыста «көгілдір отын» беріледі деп пештерін ауыстырғанын, қазіргі таңда көмірдің бағасы (тоннасы 22000) шарықтап тұрғанын алға тартты. Оған Алтай Әбдіжапарұлы: «Бұл мәселені көтеріп жүрміз. Тағы да көтереміз. Жалпы, округті газдандыру 2022 жылға жоспарланған. Сол үшін де қысқы маусымға тас-түйін дайын болуларыңыз қажет. Біз өз кезегімізде қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», – деді.
Шайдана ауылының тұрғыны Гүлсім Құндыбаева ауылда бар төрт көшенің үшеуі жарықтандырылғанын, тек өзі тұратын Әлімқұл Жылқыбайұлы көшесіне түнгі жарық орнатылмағанын жеткізді. Оның мәселесіне жауап берген округ әкімі Самат Селеубаев: «Әлімқұл Жылқыбайұлы атындағы көшені жарықтандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, тиісті бөлімге ұсыным берілген болатын. Алайда қаражат тапшылығына байланысты көшені жарықтандыру келесі жылға шегерілді», – деді.