Жүгері сабағынан техника әзер көрінеді

Жыл өткен сайын жамбылдық шаруалар егістіктің қыр-сырын меңгеріп, баптап өсірудің түрлі тәсілдерін үйреніп келеді. Биыл Жам­был ауданында егілген жүгерінің өнімін бас бармақпен бағалауға болады.

Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маман-агрономы Амангелді Әбдібековтің айтуынша, биыл өңірде 1800 гектарға жүгері егілген. Оның бүгінде 1530 гектары орылып, 8770 тонна өнім жиналған. Жоғары көрсеткішке қол жеткізген Гродиково ауылдық округінің шаруалары 263 гектарға жүгері дәнін орналастырған. Табысын еселеп отырған Александр Рыбалко биыл 7 гектарға, «Тимофеев» шаруа қожалығы 50 гектарға жүгері еккеніне еш өкінбейді. Шаруалардың алды гектарынан 8 тоннадан өнім алып, табыстың тайқазанын тасытып отыр.
– Жылдық көрсеткішке қарағанда биыл жүгеріден анағұрлым көп өнім жиналды. Судан шаруалар еш тапшылық көрмеді. Жүгерінің сабағы 2 метрге жетеді. Арасында өнімді жинап жүрген техникаларды әзер байқайсыз. Келер жылы егістік көлемін ұлғайту жоспарымызда бар, – дейді Александр Евгеньевич.
Шаруаның сөзінің жаны бар. Еңселі жүгері алыстан менмұн­да­лайды. Мұндағы қарекетке жергілікті тұрғындар жұмылдырылған.

Ақжігіт Жетпісбай

Leave A Reply

Your email address will not be published.