Аппараттық кеңесте салықтық түсімдер талқыланды
🔹Бүгін аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Кеңесте салықтық түсімдердің орындалуы және аудандық кірістер басқармасына тіркелмеген кәсіпкерлік субъектілерімен жүргізіліп жатқан жұмыстар қаралды. Аталған мәселе бойынша Жамбыл ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Мәлік Абдуллаев баяндама жасады.
🔹Ағымдағы жылдың 7 айында Жамбыл ауданында 51 985 салық төлеуші тіркелген. Оның ішінде 51 562 жеке тұлға, 423 заңды тұлға, 6 839 жеке кәсіпкер (оның 1 813-і – шаруа қожалығы). 2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет кірістері жоспары 120,1 пайызға орындалып, жоспардан 1 млрд 662 млн теңгеге артық түсім қамтамасыз етілді.
Есепті кезеңде 14 360 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның 14 348-і немесе 99,9 пайызы электронды форматта ұсынылды. Бұл белгіленген мақсатты көрсеткіштен жоғары.Сонымен қатар, жеке тұлғалардың көлік салығы бойынша берешегі 49,6 млн теңгеге дейін төмендеп, 48,6 пайызға азайды. Ал жеке табыс салығы бойынша берешек 1,4 млн теңгеден 0,6 млн теңгеге дейін қысқарып, 57,2 пайызға төмендеді. Қазіргі таңда полиция органдарымен бірлесіп, көлік құралдарын айыппұл тұрағына орналастыру бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.
🔹Жиын қорытындысында аудан әкімі ауылдық округ әкімдеріне, жауапты бөлімдер мен мемлекеттік кірістер басқармасына салықтық түсімдерді ұлғайту бойынша бірлескен жұмысты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, 2026 жылға бекітілген жоспарға сәйкес мүлік, жер және көлік салықтарының уақытылы әрі толық төленуін қамтамасыз ету, жергілікті бюджет кірістеріне апта сайын мониторинг жүргізіп, жоспардан ауытқу болған жағдайда жедел шаралар қабылдау міндеттелді.