Баламның өмірі бәрінен қымбат

Әлемді әбігерге салған індеттің қаупі әлі сейілмей тұр. Дегенмен жағдай бұрынғыдай емес, біршама жақсарған. Әрине, мұның бәрі тиісті шараларды жүзеге асыру арқылы, оның ішінде адамдарды вакцинациялаудың арқасында мүмкін болды. Бірақ, қуануға әлі ерте. Өкінішке қарай, індет толығымен ауыздықталған жоқ.

Бүгінде жасөспірімдерді, жүкті әйелдерді, бала емізетін аналарды вакцинациялау жүріп жатыр. Бұл – қауіпті індеттің алдын алу үшін қолға алынған шара. Осы топтағылардың екпе ектіруі – үлкен маңызға ие. Өйткені, вакцинация арқылы ғана қауіпсіз орта қалыптастыруға болады. Аты жаман індеттен сақтанудың жалғыз әрі тиімді жолы да осы.
Қазіргі таңда жұртшылықтың әлеуметтік желілердегі алыпқашпа әңгімелерге сеніп, екпе ектіру­ден қорқатыны бар. Бұндайда араңдату­шы­лыққа жол бермеу керек. Мемлекетіміз өз азамат­та­рының өмірі мен денсаулығы үшін алаңдаулы. Әр­бір азаматтың өмірі – қымбат, саулығы – маңызды.

Америка Құрама Штатынан «Pfizer» вакцинасын арнайы алдырғаны да содан. Осыны санамызға сіңіріп, ақылға салып, түйсікпен түсінгеніміз жөн.
Күні кеше мен де ұлыма «Pfizer» вакцинасын ектіруге келісімімді бердім. Өйткені, баламның өмірі бәрінен қымбат. Әлемнің және еліміздің білікті дәрігерлері індетті еңсерудің жалғыз жолы екпе екенін айтуда. Сондықтан да ата-аналарды балаларына осы вакцинаны салдыруға шақырамын.
Негізі, бәріміздің көздегеніміз бір мақсат – індеттен ертерек құтылып, қалыпты өмірге оралу. Бұған барлығымыз да мүдделіміз. Сол үшін де үрейге бой алдырмай, азаматтық жауапкершілікті сезініп, өзімізге де, жақындарымызға да жанашыр болайық. Қалыптасқан жағдайды еңсеру, індеттің көзін жою, одан сақтану өзімізге байланысты екенін ескерейік. Вакцинацияға бейжай қарамайық, күмән келтірмейік. Бүгінгі өскелең ұрпақтың саулығын ойлайық. Бұл бәрінен де маңызды деп білемін.

Дариға Әбдіғапарова,
Ақбұлым ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.