Биыл облыс аумағында 15 орман өрті мен 1 дала өрті тіркелді. Бұл көрсеткіштер де өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген. Атап айтқанда, орман өрттері 51 пайызға, ал дала өрттері 5 есеге азайды.
Жамбыл облысының мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 4 миллион 416 мың гектарды құрайды. Оның 2 миллион 296 мың гектары орман алқаптарымен көмкерілген. Бұл – облыс аумағының шамамен 31 пайызы. Мемлекеттік орман қорын қорғау, күзету және қалпына келтіру жұмыстарын облыс әкімдігіне қарасты 15 орман шаруашылығы мекемесі мен «Меркі» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі жүзеге асырады.
Өрт қауіпті маусымға дайындық жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Облыс көлемінде орман қорын және оған іргелес аумақтарды қорғауға бағытталған бірлескен профилактикалық іс-шаралар жоспары бекітіліп, аудан әкімдіктері мен жауапты мекемелер қажетті дайындық жұмыстарын ұйымдастырды. Сонымен қатар облыс әкімдігінің қаулысымен өрттердің алдын алу және сөндіру жөніндегі өңірлік іс-шаралар жоспары қабылданды.