Екпеге немқұрайлы қарауға болмайды

Жуырда Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшымбетов қызмет бөлмесіне ауылдың қадірлі қарияларын арнайы жинап, жиналыс өткізді. Жиында «Pfizer» вакцинасы жайында әңгіме өрбіді.

Басқосуда Аса ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рахымбек Жапаров күн тәртібіндегі мәселе бойынша бірінші болып пікір білдірді.
– Бүгінде бүкіл әлем аты жаман індетпен күресіп жатыр. Осы уақытқа дейін әлем бойынша бірнеше вакцина шығарылды, адамдарға егілді. Оның ішінде біздің елде де қауіпсіз орта қалыптастыру үшін вакцинациялау жүргізілді. Соның арқасында жағдайымыз да біршама түзелді. Енді балаларды, жүкті әйелдерді, емізулі аналарды егу жұмыстары басталды. Бұған ешқайсымыз немқұрайлы қарай алмаймыз. Бәрі де солардың саулығы үшін жасалып отыр. Бұны біз де, өзгелер де түсінуі қажет, – деді ол өз сөзінде.
Жамбыл ауданының Құрметті азаматтары Алтынхан Сапарбеков, Жақсылық Сәлемов те өз ойларын ортаға салып, бала мен ана денсаулығы бәрінен де маңызды екенін тілге тиек етті. Олардың сөзін құптаған өзге қариялар да қауіпті індеттің алдын алудың жалғыз жолы екпе ектіру екенін алға тартты.
Жиынды қорытындылаған Бауыржан Құттыбайұлы жергілікті жұртшылықтың вакцинациялауға түсіністікпен қарайтынына, уақыт өте келе оның маңыздылығын ұғынатынына сенім білдірді.

Жәнібек Асанов

Leave A Reply

Your email address will not be published.