Күзгі қарекеттің барысы қалай?

Жамбыл ауданы егін шаруашылығын дамытуға қолайлы өңір. Биылғы карантиндік шараларға қарамастан, өңірде агроөнеркәсіп кешенінде тұрақты өсім сақталып, көктемгі және күзгі дала жұмыстары өз мерзімінде атқарылды.

Ауданда егін жинау шараларын қорытындылау және күзгі егіс жұмыстарының барысы туралы мәселе кеше аудан әкімдігінің кезекті мәжілісінде кеңінен қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша хабарлама жасаған аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Самат Жарасбаев биыл себілген дақылдар көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 2338,5 гектарға өскенін айтты. Ораққа түскен 18229 гектар масақты дәнді дақыл алқабынан 22829 тонна астық жиналған. Егін орағына 58 комбайн қатысты.
Бүгінде мал азығы, көкөніс, бақша және майлы дақылдар, картоп жиналуда. Гектар түсімі әзірге қуанарлық. Диқандар биылғы қуаңшылыққа және су тапшылығына қарамастан жақсы өнім алуда.
Баршаға белгілі, биыл аудан шаруашылықтары 680 гектар алқапқа қант қызылшасын өсіріп отыр. Қазық науқаны жақындаған сайын балтамыр баптаушылар да әзірлігін пысықтай түскен. Қант зауыты қазан айынан бастап шикізат қабылдайтыны жөнінде шаруашылық басшылары мен ауыл әкімдеріне ескертілген.
Бүгінге дейін ауданда 163222 тонна шөп, 44200 тонна сабан, 10000 тонна сүрлем дайындалды.
Дала жұмыстарының сапалы және мерзімінде атқарылуы техниканың дайындығына байланысты екені анық. Қазір қолда бар техникалардан 244 трактор, 92 соқа, 58 дәнсепкіш, 13 тұқым дәрілегіш күзгі дала жұмыстарына қатысады. 2021 жылдың 8 айында 325 млн теңгеге 20 трактор, 1 комбайн, 65 түрлі қосалқы техникалар сатып алынды.
Биылғы жылы аудан бойынша 34808 гектар сүдігер жырту, 4000 гектар жерге күздік бидай себу жоспарланған. Егістікке қажетті 721 тонна бидайдың 389 тоннасы зертханалық сараптамадан өткізілген. Дегенмен, күздік бидай себу жұмыстары әлі күнге басталмаған. Негізі, бұл жұмыстар қыркүйектің 15-інде басталып, 15-ші қазанда аяқталуы тиіс. Осыған орай шаруа қожалықтар мен ауыл әкімдері жұмысты жандандыру керек. Сонымен қатар биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 1000 тонна кепілдендірілген дизель жанармайы бөлінген.
Мәжілісте осы мәселе және күн тәртібіндегі басқа мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.

Нұрасыл Сұлтанбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.