Мекеме қызметкерлері – жарыс алаңында

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ҚР Мем­лекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл аудандық ұйымы аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімімен бірлесе бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығында мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында аудандық спартакиада ұйымдастырды.

Жарыстың ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімі аппаратының басшысы Жомарт Телеуов: «Спорт – денсаулық кепілі. Спорт адамдарды жақындастырады, рухын көтереді. Көпшілік арасында түрлі жарыстар ұйымдастыру арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту маңызды. Бұл – мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарының бірі. Дені сау ұлт қана өміршең мемлекет құрады, бәсекеге қабілетті болады», – деп қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ал, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітов спартакиаданың мақсатына, өткізілу тәртібі мен ережелеріне тоқталып, спорттық шара жергілікті мекеме-ұйым қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталғанын айтты.
Айтулы жарыста мекеме қызметкерлерінен құралған командалар үстел теннисі, қол күресі, дойбы, арқан тарту, гір көтеру, кіші футбол секілді спорт түрлері бойынша сынға түсіп, өзара кім мықтыны анықтады.
Күн ұзаққа созылған жарыс тартысқа толы болды. Нәтижесінде, дойбыдан әйелдер арасында бірінші орынды Маржан Майсупова, екінші орынды Айшырақ Ізтелеуова, үшінші орынды Жанна Ботағараева жеңіп алды. Ерлер арасында бірінші орын Ержан Дәулетбаевқа, екінші орын Марат Байдалиевке, үшінші орын Бауыржан Исқақовқа бұйырды. Үстел теннисінен ерлер арасында Нұрәділ Төлеков бірінші орынды, Бекдос Ағайдаров екінші орынды, Ғалымжан Сәдібеков үшінші орынды иеленді. Қыздар арасында бірінші орынды Ғалия Ойықбаева, екінші орынды Айсұлу Жандос, үшінші орынды Асем Исқақова жеңіп алды. Қол күресінен Бауыржан Байдаулетов бірінші орынды, Серік Тоқманбетов екінші орынды, Елдос Жұмабаев үшінші орынды иемденді. Гір көтеруден Саламат Санатұлы бірінші орынға, Ержан Кушенов екінші орынға, Нариман Малдыбаев үшінші орынға қол жеткізді. Арқан тартудан бірінші орынға Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясы, екінші орынға бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы, үшінші орынға Аса ауылдық окургі әкімі аппараты тұрақтады. Ал, кіші футболдан өткен бәсекеде бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы құрамасы бірінші орынды, Қ.Сартбаев атындағы орта мектептің аяқдопшылары екінші орынды, аудан әкімдігінің «БЕК» командасы үшінші орынды олжалады.
Соңынан аудан әкімі аппаратының басшысы Жомарт Телеуов, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітов, ҚР Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы Жамбыл аудандық ұйымының төрағасы Мадияр Сәмбетов, бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының директоры Мақсат Риянов жеңімпаздар мен жүлдегерлерді тиесілі дипломдармен, медальдармен, бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Ильяс Қалыбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.