«Меркі» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ мен Golden Compass компаниясының басшылығы табиғи парктің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған әлеуметтік жобаларды қаржыландыру жөніндегі меморандумға қол қойды, деп хабарлайды baq-orda.kz «Ақ жол» облыстық газетіне сілтеме жасап.
«Меркі» табиғи паркі ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне ие. Оны құрудағы негізгі мақсат – Батыс Тянь-Шаньның тау етегі мен таулы аймақтарындағы бірегей экожүйелерді сақтау. Парк аумағы шамамен 80 мың гектарды қамтиды. Алдағы уақытта мұнда туристік инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және ғылыми-ағартушылық бағдарламаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Golden Compass компаниясымен жасалған келісім аясында «Меркі» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде жаңа кіреберіс қақпасы (арка) бой көтереді. Бұл қақпа тек сәулеттік нысан ғана емес, табиғи парктің өзіндік келбетіне айналмақ. Ол аумақтың туристік тартымдылығын арттырып, Жамбыл облысындағы ең көрікті табиғи орындардың бірінің ерекшелігін айқындай түседі деп күтілуде.