«Pfizer» вакцинасына дайынбыз ба?

Әлемді әбігерге салған коронавирус індеті әлі де қауіп төндіріп тұр. Аты жаман індет қаншама адамды жақынынан айырды. Денсаулық сақтау саласының білікті мамандары вирусқа қарсы амалдарды қарастырып, адам өмірінің арашасы болуға барын салуда.

Аудан тұрғындары осы індетке қарсы 95 пайыз екпе ектірді. Алайда, екпе ектірдім деп еркінсуге болмайтынын ескерген жөн.
Әлемге кеңінен тараған індетті ауыздықтаудың жалғыз жолы – вакцина. Осыны қаперге алған дәрігерлер елді мекендерді аралап, індетке қарсы екпенің маңыздылығын насихаттауда.
Жуырда облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының бас эпидемиологы Гүлфайра Мырзабекова, бас маманы Мұрат Жұмабаев, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Нұргүл Сапарбаева ауданымызға арнайы келіп, аудандық мәслихат депутаттарымен, балабақша, үкіметтік емес ұйымдар, қоғам­дық қорлардың өкілдерімен «дөң­ге­лек үстел» отырысын өткізді.
Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов ашып, жүргізген жиында Гүлфайра Құралбекқызы Америка Құрама Штатында өндірілген «Pfizer» вакцинасының маңыздылығын түсіндірді. Ол вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының атынан сертификатталғанын, жақын күндері елімізге тасымалданып әкелінетінін жеткізсе, Нұргүл Серғазықызы аталған вакцина 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге, 16-37 апталық жүкті әйелдерге және сәбиі 42 күннен асқан емізулі аналарға салынатынын мәлімдеді.
Әріптестерінің сөзін жалғаған Мұрат Тілепбайұлы: «Пандемия кезінде осы санаттағы адамдар коронавирус инфекциясына шалдығып, көбісі зардап шекті. Бұл вакцина індеттің алдын алуға және оны жұқтырған жағдайда аурудың жеңіл өтетініне сенуіміз керек. Біз екпе ектірген жағдайда ғана аурудан арыламыз», – деді.
Денсаулық сақтау маманда­рының сөзіне сүйенсек, бұл вак­цина аталмыш санаттағы адам­дарға да ерікті түрде жүргізіледі. Ал, денсаулығында кінәраты бар адамдарға екпе салынбайды.
Жақын күндері елімізге келетін «Pfizer» вакцинасы коронавирустың, түрлі жаман аурулардың алдын алуға бағытталатынын түсіндірген дәрігерлер жиынға қатысушылардың сұрақтарына толымды жауаптар қайтарды.

Мақсат ЖҰМАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.