Қала маңындағы 3 ауылдың электр желілері жаңартылмақ

Кеше Жамбыл электр жүйесінің директоры Мұрат Майкеев округ әкімі Ғамзат Сағымбековтың өтінішімен Қаратөбе ауылдық округіне қарасты Бектөбе, Қызылшарық, Бәйтерек ауылдарына жұмыс сапарымен барды.

Ауыл тұрғындарымен жолығып, ұсыныс-тілектеріне құлақ асты.

Аталған ауылдарда тұрғындар аулаға тартылған электр желісі мен электр бағаналарының тозығы жеткенін, жел тұрса жарық сөніп қала беретінін, бұл жағдайдың орын алып келе жатқанына көп жылдар өткенін қынжыла жеткізді.

Аталған ауылдардағы 5 көшедегі 700-ге жуық аула осы келеңсіздікке төзіп келеді.

ЖЭЖ директоры, запастағы генерал-лейтенант Мұрат Жалелұлы аталған кемшіліктерді саралай келіп:

– Бұл қызметке келгеніме көп уақыт өткен жоқ. Ауыл әкімі Ғамзат Сағымбеков ауылдағы жағдайды айтқанда, өз көзіммен көргім келді. Қала маңын қоршап жатқан елді мекендердегі электр жарығы расымен мүшкүл күйде екен. Алғашқы жұмыс тәжірибем осы ауылдарда басталады. Жыл соңына дейін бұл ауылдар электр жарығына шағым түсірмейтін болады. Ауыл әкімімен бірлесіп, келеңсіздіктерді түгел жоямыз. Жарамсыз бағана мен сымдарды ауыстырамыз. Бұл — менің уәдем, — деді ол ауыл азаматтарымен кездесуінде.

Кездесуге Жамбыл аудандық электр желісінің директоры Абувахас Құрбанов қатысып отырды.

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.