Қыдыралыұлы тұрғындар өтінішімен салынып жатқан нысанда болды

Бүгін аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы аудан көлемінде атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарын аралап, мердігер өкілдерімен жолықты.

Алдымен өңір басшысы ауыл тұрғындарының өтініші бойынша салынып жатқан Қаракемер ауылындағы амбулаториялық пунктінің құрылыс жұмыстарын көрді. Еске сала кетсек, өткен жылдың есептік кездесуінде қаракемерліктер ауылда емдеу пунктінің жоқтығынан, көп жылдан бері аудан орталығына барып, ем-дом қабылдап жүргендерін жеткізген. Бүгінде ауыл азаматтарының бұл өтініші орындалуда.

Елді мекенде 25 соттық аумаққа 25 келушіге арналған амбулаториялық пунктінің құрылысы өткен жылдың қазан айында басталған. Ағымдағы жылға өтпелі нысанның құрылысын «ҚазМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Бүгінде іргетасы қаланып, ішкі және сыртқы сылақ жұмыстары қолға алынған. Жалпы сметалық құны 198 млн теңгені құрайды. Жазға дейін нысан ел игілігіне беріледі деп күтілуде.

Құрылыс жұмыстарында болған Ерлан Қыдыралыұлы нысан мерзімінен кешіктірілмей, сапалы жасалуын назарға алу керектігін тапсырды.

Сондай-ақ ауыл әкімі Жәнібек Әуелбаевқа көшелердің көркін құртып тұрған тал-дарақтарды ретке келтіру керектігін жеткізді. Жалпы 85 мыңнан аса тұрғыны бар Жамбыл ауданында 35 медициналық орталық бар. Жамбылдықтарға 1 аудандық, 1 ауылдық емхана, 1 орталық аурухана, 3 фелдьшерлік-акушерлік, 15 медициналық пункт, 14 дәрігерлік амбулатория үздіксіз қызметсе етсе, 16-шы пункт көп ұзамай қатарға қосылмақ.

Құрылыс жұмыстарын аралау кезінде аудан әкімімен бірге орынбасары Нұрлан Несіпбеков, аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Тілеубаев бірге жүрді.

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.