Саяси партиялар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының географиялық ауқымын кеңейтіп келеді. Кандидаттардың сайлаушылармен кездесулері қалалар мен ауылдарда ғана емес, өндіріс орындарында, түрлі мекемелерде, тіпті қоғамдық көліктерде де орын алып жатыр. Соңғы уақытта қоғамдық көлік тұрғындармен тікелей пікір алмасатын тиімді алаңдардың біріне айналып келеді.
Әрбір саяси партия сайлаушылармен байланыс орнатудың өзіндік тәсілін қалыптастыруға ұмтылып жатыр. Дегенмен, сайлауалды күн тәртібінің негізгі өзегін азаматтарды күнделікті толғандыратын мәселелер құрайды. Олардың қатарында өңірлерді дамыту, өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті қолдау, экология, жұмыспен қамту, білім беру, әлеуметтік саясат және қалалық инфрақұрылымның сапасын арттыру мәселелері бар.
«Әділет» партиясы «Әділетті Қазақстан үшін» мобильді керуені аясында еліміздің бірқатар өңірін аралап шықты. Көшпелі кездесулермен қатар Жетісу облысында тұрғындармен өзара байланыс пен қоғамдық бірлікті нығайтуға бағытталған «Әділет желкені» атты акция ұйымдастырылды. Сонымен қатар партиядан Құрылтай депутаттығына кандидат Екатерина Смышляева сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын түсіндіретін қысқа бейнероликтер топтамасын бастады. Ол бейнеүндеулерінде бағдарламаның негізгі басымдықтарын еркін форматта, көлік тізгінінде отырып әңгімелейді. Алғашқы бейнеролигі Рудный мен Жітіқара қалалары арасындағы жұмыс сапары кезінде түсірілді.
Павлодарда партия кандидаттары қала тұрғындарымен тікелей қоғамдық көлікте жүздесіп, трамвайдағы күнделікті сапарды ашық пікір алмасу алаңына айналдырды. Негізгі іс-шаралар Маңғыстау облысында өтті. Мұнда партия өкілдері тұрғындармен кездесіп қана қоймай, еңбек ұжымдарымен, мұнай-газ және балық шаруашылығы саласының мамандарымен, теңіз сервистік компанияларының қызметкерлерімен, кәсіподақ өкілдерімен және өндіріс ардагерлерімен жүздесті.
Кездесулер барысында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндірістік және порт инфрақұрылымын жаңғырту, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, өнеркәсіпті өркендету, кадр даярлау және цифрлық экономикаға қажетті мамандарды әзірлеу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Каспий теңізінің экожүйесін сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жаңаөзен қаласының жұмысшы жастарымен өткен кездесулерде заманауи технологияларды енгізу, жаңа өндірістерді дамыту және адами капиталды нығайту мәселелері сөз болды.