Таза Қазақстан – таза өлке

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны болмаған аймақтардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Президент аталған мәселеге айрықша назар аударып, әкімдерге тазалық айлығын жүйелі түрде жүргізуді жүктеді.

Көктемгі көгалдандыру, тазарту жұмыстарына тұрғындар мен еріктілерді тарту керегіне де тоқталған Қасым-Жомарт Кемелұлы елді мекендер мен қоғамдық демалыс орындарын күтіп-баптау әкімдердің қызметін бағалаудағы бір өлшем болатынын жеткізді. Президент тапсырмасында әкімдер қалалардың, аудандардың келбетін көрікті жағдайда ұстау мәдениетін енгізуі керегін де ескертті.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ауданда да сәтті жүзеге асуда. Акцияның алғашқы күні аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы орталық алаң маңындағы саябаққа көпшілікпен бірге ағаш отырғызды. Игі іске аудан әкімдігінің бөлім, мекеме-ұйым басшылары мен қызметкерлері, ардагерлер және жастар қатысты.

– «Тазалық табалдырықтан басталады» демекші, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың міндеті. Туған жерімізді, туған өлкемізді аялау, оны қадірлеу – ортақ іс. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республика көлемінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Науқан бес аптаға созылады. Оның аясында әр аптада бекітілген тақырыптар бойынша аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Осыған орай көктемнің жаймашуақ күнін тиімді пайдаланып, аудан орталығы мен ауылдардың ажарын арттыратын абаттандыру жұмыстарын тиісті деңгейде атқаруымыз керек. Осы игі іске барлығымыз жұдырықтай жұмылғанымыз жөн, – деді Ерлан Қыдыралыұлы.

Бұл күні мекеме қызметкерлері өздеріне тиесілі жерді ретке келтірді. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сипатты сөзді санаға түйген ақсақалдар мен жастар 20 ардагердің ауласына 50 жеміс, 50 сәндік ағаш екті.

Аға буын мен кейінгі ұрпақ сонау ата-бабадан жеткен еңбек дәстүрін осылай дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын паш етті. Ізгілік жолы барлық елді мекендерде жалғасты.

Биыл аудан аумағында 5000 ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланса, осы уақытқа дейін 3257 ағаш отырғызылды. Егілген ағаштардың 350-і арша, 350-і туя, 227-сі қораз, 1800-і қарағаш.

Leave A Reply

Your email address will not be published.