Теміржол – қауіпті аймақ

Теміржол қауіпті аймақ болып саналады. Себебі, мыңдаған тонна жүк тиеп алып келе жатқан пойыз адамдарға қауіп төндіруі мүмкін. Ең басты қиындық – адамдардың немқұрайлылығында, балаларға деген жауапкершіліктің аздығында. Ата-ананың бақылауын сезінбеген кейбір балалар теміржолдағы вагондардың астынан өтіп, оның үстіне мінгенді қызық көреді. Өкінішке қарай, қауіпсіздікке мән бермейді, салғырт қарайды. Бұл өз кезегінде қайғылы жағдайларға душар ететінін айтпасақ та түсінікті.
Негізінен, адамдардың теміржолда жарақаттануына олардың қауіпсіздік ережелерін білмеуі, сақтамауы, асығыс жүруі, балалардың сол маңға барып, ойын ойнауы себеп. Жүріп келе жатқан пойыздың қажет кезінде дереу тоқтауы мүмкін емес. Бір қарағанда тұрған вагондар қауіп төндірмейтіндей көрінеді. Бірақ қозғалыссыз тұрған вагонға жақындауға, астынан өтуге болмайды. Өйткені стансада тұрған әрбір вагон жұмыс үстінде тұр деп есептеледі, әр секундта ол қозғалысқа келуі мүмкін. Сондықтан да теміржолдан өзіңе ыңғайлы жерден өту қауіпті. Жарақаттануды болдырмау үшін арнайы белгіленген орындар арқылы ғана өту керек.
Осыны қаперге алған Аса теміржол стансасының бастығы Нұрлан Қазбеков мектеп оқушыларының қатысуымен «Теміржол – қауіпті аймақ» атты акция ұйымдастырды. Оның орынбасары Нұрсұлтан Тұрсынбаев пен жол қараушы Нұрғали Қарғабаев оқушыларға теміржол бойындағы қауіпсіздік ережелерін, жолдан қай кезде, қалай өту керектігін жете түсіндірді. Балаларға темір жолдан өтерде қауіпсіздік ережелерін сақтау, асықпау, жан-жаққа қарау, барынша абай болу керек екенін айтып, жадынама парақтарын таратты.

Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.