Жамбыл ауданында ауқымды жоба жүзеге асырылуда

Asaaqparat.kz Инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да шарапатын тигізетіні белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет екенін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ басшыларының назарына әркез салып келеді.

Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында аудандар мен ауылдық округтердің 5 жылға арналған даму жоспары әзірленген болатын. Осыған орай жуырда аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы Өрнек ауылдық округі Жұма стансасында қолға алынған ауқымды жобаның құрылысын көрді.
Ауылдық округ әкімі Қанат Темешбаевтің айтуынша, мұнда жергілікті әкімдік тарапынан берілген 12 гектарға қызанақ шырынын өндіретін цех, көкөніс өсіру үшін жылылыжай құрылысы, гидропоникада жасыл өнім өндіру алаңы салынуда. Жоба құны – 220 млн теңге. Бүгінде жылыжай орны тазаланып, жарық пен су жеткізілген.
Жобаның жоспарымен танысқан өңір басшысы құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін ауыл азаматтарының тұрақты жұмыспен қамтылуына жағдай жасау керектігін айтты.
– Бұл жоба ауылдың дамуына оң әсерін тигізеді. Ауылға инвестиция тартылса, тұрақты жұмыс орындары ашылып, екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтар жұмысқа орналасады. Ең бастысы ауыл азаматтарының жұмыспен қамтылуын назарға алуымыз керек. Жергілікті әкімдік тарапынан қандайда бір көмек қажет болса, қол ұшын созуға әзірміз, – деді Ерлан Қыдыралыұлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.