Жамбыл облысында сел қаупі бар учаскелер зерделеніп, сенбіліктер өткізілді

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес сел жүруі мен су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында аудандарда сенбіліктер өткізілді.

4 шілде, сенбі күні облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен Меркі ауданына барып, Меркі өзені бойындағы сел қаупі жоғары учаскелердің жай-күйімен танысты.

Өңір басшысына Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов пен ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы филиалының басшысы Сұлтан Ақбердиев өзен арналарының қазіргі жағдайы мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Облыс әкімі соңғы күндері таулы аймақтарда жауын-шашын мөлшерінің артуына байланысты сел жүруі мен су тасқыны қаупі күшейгенін атап өтті.

– Көктемгі су тасқыны кезеңі аяқталғанымен, қазіргі гидрометеорологиялық жағдай босаңсуға мүмкіндік бермейді. Барлық жауапты мемлекеттік органдар мен қызметтердің іс-қимылы нақты үйлестіріліп, қажетті техника мен күш-құралдар толық дайындықта болуы тиіс. Халықтың қауіпсіздігі – басты міндет. Сондықтан алдын алу шаралары бір сәтке де тоқтамауы қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.

Өңір басшысы жауапты мекемелерге таулы аймақтардағы өзендердің су деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізуді, қауіпті учаскелерді тәулік бойы бақылауда ұстап, жағдай өзгерген жағдайда жедел әрекет етуді тапсырды. Сондай-ақ елді мекендерге қауіп төндіруі мүмкін өзен арналары мен су өткізу құрылыстарының жай-күйіне ерекше назар аударуды, өзен арналарын тазалау, су өткізу қабілетін арттыру және табиғи кедергілерді жою жұмыстарын күшейтуді міндеттеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.