Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл ауданының Гродеково ауылында орналасқан «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығына арнайы барып, тексерді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұрын Президент резиденциясы ретінде пайдаланылған бұл нысан бүгінде балалардың игілігіне қызмет етіп келеді. 2023 жылы орталықтың ғимараты мен жылу жүйесіне күрделі жөндеу жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Нәтижесінде балалардың сапалы демалуы, білім алып, шығармашылық қабілеттерін дамытуы үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырылған.
Орталық жыл бойы 16 ауысыммен жұмыс істейді. Әр ауысымда облыстың барлық аудан-қалаларынан келген 5-9 сынып оқушылары, яғни 10-15 жас аралығындағы балалар қабылданады. Биылғы жазғы маусымда әр ауысымда 80 баланы қабылдау жоспарланған.
Орталық директоры Салтанат Құрманованың айтуынша, жазғы кезеңде бір ауысымның ұзақтығы 15 күн болса, оқу жылы барысында балалар 20 күндік сауықтыру және білім беру бағдарламасымен қамтылады.