ЖАМБЫЛДЫҚТАР БОКСШЫ ДУЛАТТЫ ҚҰРМЕТ ТӨРІНЕ ШЫҒАРДЫ

ЖАМБЫЛДЫҚТАР БОКСШЫ ДУЛАТТЫ ҚҰРМЕТ ТӨРІНЕ ШЫҒАРДЫ

Жуырда жамбылдықтар аудан тумасы, Қостөбе ауылының тұрғыны, Қазақстан Республикасы спорт шебері, күні кеше Ташкент шаhарында өткен Әлем чемпионатында Ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, күміс жүлде еншілеген Дулат Бекбауовпен кездесу кешін ұйымдастырды.

Аудан орталығы – Аса ауылындағы бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығында өткен кешке аудан жастары мен спортшылар арнайы келді. Әлем чемпионатының жүлдегерін арнайы құттықтау үшін аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы көпшілік алдында сөз сөйлеп, былғары қолғап шеберін бүткіл қазақ елі мақтан тұтатынын айтты.

– Құрметті қауым! Спортшы жастар! Баршаңызға мәлім, күні кеше Ташкент шаhарында өткен Әлем чемпионатында Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен жерлесіміз Дулат Бекбауов күміс жүлдегер атанып қайтты. Өзінің дара талантымен әлемді мойындатқан Дулат Сапарқұлұлына және оның жеке бапкері Ақүрпеков Нұрлан Сәкенұлына өңір халқының атынан зор ризашылығымды білдіремін. Боксшы Дулаттың үш мәрте Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы, бірнеше халықаралық турнирлер мен Азия чемпионатының жүлдегері атанғанын біз жақсы білсек, сол жетістікте жаттықтырушының ерен еңбегі бар екенін айрықша атап өткен жөн. Ауданымыздан Дулат сияқты тарлан спортшылар көптеп шығып жатса, бұл бәріміз үшін зор мақтаныш, үлкен мерей. Өскелең ұрпақ та соларға қарап бой түзейді. Бүгінде өңірімізде саламатты өмір салтын ұстанған табиғи дарынды спортшылардың өсіп келе жатқанын және олардың алаңсыз жаттығуына кең өріс ашылғанын, соңғы уақытта ауылдарда спорт нысандары санының күрт артып отырғанын қуанышпен сөз етуге болады.

Ендігі кезекте Дулат бауырымызға тілерім – үлкен рингтегі спорттық жолың ұзағынан жалғассын. Халықтың қолдауын сезініп, жалаулы жарыстарда Отанымыздың абыройын асырғаныңды қалаймын. Келесі жылы өтетін Париж олимпиадасында топ жарып, алтын медальды тағып келуіңе ниеттеспін. Спорт әлемінде сәттілік серік болсын. Өзіңді қашанда ең биік тұғырдан көрейік. Әрдайым жеңісті күндерде жолығайық, – деген Ерлан Қыдыралыұлы Дулатқа сайгүлік мінгізіп, ризашылығын жеткізді.

Өз кезегінде жерлестерінң ыстық ықыласын сезінген Дулат Сапарқұлұлы алысын білдірді.

Мұнан соң былғары қолғап шебері боксшы жастармен кездесіп, ақыл-кеңестерін берді

Leave A Reply

Your email address will not be published.