Жамбылға туристер ағылар күн алыс емес

Жамбыл ауданы тарихи-мәдени ескерткіштермен қатар киелі жерлерге де өте бай. Соның бірі – Әулиебастау қалашығы мен бұлағы. Бүгінде қасиетті бұлақ пен ортағасырлық қалашықтың орны облыстық жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген.
Әулиебастау қалашығы мен бұлағы ауданға қарасты Айшабибі ауылынан он үш шақырым, Тараз-Қарабастау тас жолының солтүстік жағында бір шақырым қашықтықта орналасқан. Қалашық шамамен VІ-ХІІІ ғасырларда бой кетерген деген болжам бар.
Қалашықта ХІХ ғасырдан бастап ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, топографиялық құрылымы анықталған. Ескерткіш Орта Азияға іссапармен келген В.Бартольдтың есебінде Абдуррахман деген атпен берілген.
Әулиебастау қалашығының географиялық жағынан өте ыңғайлы жерде орналасуы оның Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды қалалардың бірі болғандығын байқатады. Себебі көшпелі және отырықшы мәдениеттердің тоғысқан жері Шу мен Талас аймақтары дами келе үлкен сауда ошағына, Қытайдан Еуропаға өтетін үлкен керуен жолының дәлізіне айналды. Әулиебастау қалашығы да алғашында Батыс Түрік қағанатының саяси-экономикалық маңызы бар қалаларының бірі ретінде негізі қаланды. Саяси талас-тартыстар нәтижесінде Әулиебастау қалашығы өз тарихында талай оқиғаларды өткізіп, құлдырауды да, өрлеуді де бастан кешті. Түркі тайпалары құрған мемлекеттердің қаласы ретінде тарихта қалды.
Қала орны төбе болып үйіліп жатқан батыс және шығыс бөліктерден тұрады. Батыс бөлігі 85х87 метр, шығысы 100х130 метр, биіктігі 9 метр болатын үйінді алаң түрінде сақталған.
Әулиебастау қалашығының оңтүстік-батыс жағындағы жарылған жартастың астынан бұлақ ағып жатыр. Бұлақтың суынан қалашықтың іргесінде көлшік пайда болған. Бұлақтың суы жыл бойы тұрақты температурада ғана ағып жатады. Суы аса маңызды минералдар мен микроэлементтерге бай, көптеген ауруға шипа. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, судың емдік қасиеті бар, оны пайдаланған адамға ерекше күш береді. Ашық алаңқайда қыр етегінде ағып жатқан кәусәр бұлақтың дәмі ерекше. Бір қызығы, бұл әулиенің суына күміс бұйымдарымен шомылса, біраз уақыттан кейін сол күміс бұйымдар жалтырап тазарып шығады екен. Сондықтан бұлақ жергілікті халық арасында Әулиебұлақ деп аталып кеткен.
Бүгінде қасиетті бұлаққа келушілердің қарасы көбейген. Әсіресе, жаз мезгілінде ем алып, демалып келетін азаматтардың саны еселеп артады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.