Жеңімпаздар – құрмет төрінде

Бейсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын «Ақ бидай» республикалық VII ауыл спорты ойындарының жеңімпаздарын қабылдап, құрмет көрсетті.

Бұл жарыстың мақсаты ауыл спорты ойындары арқылы қоғамда, оның ішінде, ауылдық жерлерде ұлттық және бұқаралық спорт түрлеріне деген қызығушылықты арттыру, сондай-ақ бұқаралық спорт түрлерін дамытудағы ең мықты өңірлерді анықтауға негізделген.
Айтулы бәсекеге еліміздің 14 аймағынан командалар жасақталып, спорттың 14 түрінен сынға түскен. Жалпыкомандалық есепте Жамбыл облысы 5-ші орыннан көрінген.
Айта кетейік, Жамбыл облыстық іріктеу жарысында ауданның құрама командасы 2-ші орынды иеленген. Облыс құрамасы сапына енген жерлестеріміз Ақтау қаласында өткен дүбірлі додада асық атудан бірінші орынды жеңіп алып, мерейімізді үстем етті.
Аудан, облыстың абыройын асқақтатып, намысты қолдан бермеген команда жаттықтырушылары мен спортшыларды құттықтаған Олжас Елебекұлы: «Бұқаралық спорттың дамуына үлес қосып келе жатқан жаттықтырушыларға және биік тұғырдан көрінген спортшыларға айтар алғысым шексіз. Себебі, сіздер аудан атын шығарып, облысымыздың жоғары сатыдан көрінуіне ықпал еттіңіздер. Осындай айтулы жарыстардан әрқашан жеңіспен оралуларыңызға тілектеспін», – деп жаттықтырушылар Елдос Жанқоразовқа, Алмас Садықовқа, Ердәулет Бейсембиевке, Дана Ғалиақпароваға және спортшылар Райымбек Кенжебайұлына, Дәулет Елеусиновқа, Аружан Хабибуллаға аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.

Мақсат Жұмабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.