Жиын мақсаты — әлеуметтік төлемдер тағайындау тәртібі

Жуырда аудандық ХҚКО-да «Жүктілікке және босануға байланысты» әлеуметтік төлем тағайындауға құжаттарды қабылдау, әлеуметтік төлемдердің дұрыстығын, дұрыс аударылуын деректер базасын тексере отырып, қабылдау қажеттілігі жөнінде жиын өтті.

Бала дүниеге келгеннен ананың жәрдемақыны рәсімдеп жүруге уақыты, жағдайы келмеуі мүмкін. Мұндай жағдайда мобайл қызметті пайдаланған тиімді. SMS арқылы тек жәрдемақы рәсімдеп қоймай, баланың дүниеге келгенін тіркеуге өтініш беруге, оны балабақша кезегіне қоюға да болады. Бұл қызметті пайдалану үшін Мобильді азаматтар базасында тіркелу қажет. Оған төменде көрсетілген тәсілдердің бірімен: ЭЦҚ қол қоя отырып, eGov.kz порталының «Жеке кабинеті» арқылы дербес; Халыққа қызмет көрсету орталығы филиалдарының кез келген қызметкерлеріне жүгініп; Перинаталдық орталықтар мен перзентхана жанындағы «Азаматтарға арналған үкімет» өкілдеріне жүгініп, тіркеле аласыз. Егер базада тіркеуде болсаңыз, бала туғаннан кейін бір тәулік ішінде сізге құттықтау SMS келеді. Онда қызмет көрсетудің қадамы көрсетіледі. SMS-те Telegram-бот сілтемесі де болады. Сол сілтеме арқылы да қызмет ала аласыз. Бастысы, SMS-сауалдарға қатесіз әрі ретімен жауап беріп отыруыңыз қажет. Ескеретін жайт, барлық SMS-жауабыңыз R ағылшын әрпінен басталуы керек және оның алдында бос орын болмауы тиіс. Бірақ R әрпі мен әр цифр арасында бос орындар болуы (мысалы, R 1 2) қажет. Жауаптың соңғы символынан (цифрынан) кейін бос орын болмауы керек. Сізге SMS-хабарлама келгеннен кейін жауап беруді екі күннен артық уақытқа созбаңыз. Себебі бұл қызмет бала туған сәттен бастап 3 күн ішінде көрсетіледі. Егер базада болсаңыз да, SMS-хабарлама келмесе, 1414 тегін нөміріне қоңырау шалып, операторға мән-жайды жеткізіңіз.

Іңкәр Сүлеймен, Жамбыл аудандық ХҚКО-ның жетекші маманы.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.