Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі теміржол вокзалдарын жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Боранды теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, салтанатты түрде пайдалануға берілді.
Ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Алтай Әлі, теміржол саласының ардагерлері, қызметкерлері және аудан тұрғындары қатысып, нысанның лентасын қиды.
– Жаңарған Боранды теміржол вокзалы ұзақ жылдар бойы ел игілігіне қызмет етіп, аудан тұрғындары мен жолаушыларға жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасайды деп сенемін. Бұл нысан өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға өз үлесін қосады. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! – деді Алтай Әлі.
Жаңғырту барысында вокзал ғимараты толық күрделі жөндеуден өткізіліп, инженерлік желілері жаңартылды. Ғимараттың сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары заманауи талаптарға сай жүргізіліп, сәулеттік келбеті жаңаша сипатқа ие болды. Сонымен қатар күту залдары мен жолаушыларға қызмет көрсету аймақтары жаңа үлгідегі жабдықтармен жабдықталды.