Таяуда Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің акт залында білім саласы қызметкерлерінің, бастауыш кәсіподақ ұйымы жетекшілерінің қатысуымен «Еңбек және салалық заңнаманы, әлеуметтік әріптестік актілерін тәжірибеде қолданудың бірқатар сұрақтары» тақырыбында облыстық көшпелі семинар өтті.
Жиында «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков жергілікті кәсіподақтың жарғылық міндеттерді жүзеге асыру барысы, оның орынбасары Берік Баймағамбетов 2021-2023 жылдарға қабылданған әлеуметтік әріптестік нормалары мен ережелері және оларды қолдану тәртібі, кәсіподақ филиалының төрағасы Жанболат Орынбеков педагог қызметкерлерді аттестаттау ережесі мен тәртібінің түйткілдері мен оны шешу жолдары туралы кеңінен баяндап, мән-жайды жете түсіндірді. Мектеп директорларының, бастауыш кәсіподақ ұйымы жетекшілерінің күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қойған сұрақтарына нақты жауап берді.
Соңынан облыстық ұйымның төрағасы Ерұлан Мағзымбеков аймақтың қоғамдық өміріне белсене қатысып, білім саласын дамыту мен жетілдіруге елеулі үлес қосқан педагог Динара Әмірсейітованы Құрмет грамотасымен марапаттап, бағалы сыйлық табыс етті.
Ильяс Қалыбеков