Ән әуелеп, күй күмбірлеген күн

Жылда ауылдық округтерде елді мекеннің мәртебесін көтеру, қадір-қасиетін ұғындыру, жергілікті тұрғындардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында өткізілетін «Ауылым – алтын бесігім» фестивалі былтыр елдегі эпидахуалды жақсарту, қауіпті індеттің алдын алу, азаматтардың денсаулығын сақтау үшін бекітілген карантин талаптарына байланысты өтпей қалғаны баршаға аян. Биыл елімізде жағдай тұрақталып, эпидахуал біршама түзелгелі шектеу шаралары жеңілдетіліп, көпшіліктің қатысуымен өтетін мәдени-қоғамдық іс-шараларға рұқсат етілді.

Осыны қаперге алған аудан басшылары ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын кеңінен атап өту үшін жауапты бөлім, мекеме-ұйымдарға ауылдық округтерде айтулы шараны өткізуді тапсырды. Сәрсенбі күні аталмыш фестиваль Ақбұлым ауылдық округінен бастау алды. Шараға аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев, аудандық Мәдениет үйінің директоры Индира Тоғанбаева арнайы келіп қатысты.
Мерекелік фестиваль жергілікті мектептің жанындағы саябақта өтті. Онда жиналған көпшілік әуелі кіреберісте орналастырылған мекеме-ұйымдардың көрмесіне, ауыл әжелерінің жасаған қолөнер бұйымдарына зер салды. Онан соң көрермендерге арналған орындарға жайғасып, ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.
Өз кезегінде ауылдық округ әкімі аппаратының, Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының, «Балауса» балабақшасының, «Зерде» бөбекжайының, ауылдық кітапхананың, аула клуб үйірмесінің қызметкерлері ұлттық салт-дәстүрлерімізді, әдеп-ғұрыптарымызды насихаттап, ұмыт болып бара жатқан «Ау жар» мен «Аушадияр» дәстүрлерін шеберлікпен сахналады. Сол арқылы ұлттық және отбасы құндылықтарын дәріптеді. Көрініс қазақ қызының ұзатылуынан беташарына дейінгі әдеп-ғұрыптарды қамтыды. Солармен қатар сахнаға шыққан дарынды да өнерлі өрендер патриоттық сарындағы әуезді әнімен, қазақы, заманауи стильдегі креативті билерімен көпшілікті тәнті етті. Барлығы да шараның қызықты өтуіне біркісідей атсалысты. Оларға ауылдастарының ықыласы да, қошеметі де ерекше болды.
Округ әкімі Ердос Бейсенов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мараталы Төребеков сөз сөйлеп, ауылдастарының атынан өнерпаздарға алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді.
Алғашқы фестиваль концерт жас әнші Балерке Асанның орындауындағы «Туған ел» әнімен түйінделді.

Ильяс Қалыбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.