Бүгінде ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал, егін шаруашылығын дамыту ісі қайта қолға алынып, арнайы бағдарламалар қабылдануда. Себебі, агроөнеркәсіптік кешен – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қалыптастыру арқылы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысатын экономиканың маңызды секторы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін заман талабына сай дамытуға, оны заманауи технологиямен жабдықтауға кеңінен тоқталып, қордаланған проблемаларды атап айтты. Бұл ең алдымен азық-түлік тауарларының бағасын реттеу, көтерме-тарату орталықтарының желісін құруды жалғастыру, өнім өндірушіден тұтынушыға дейінгі аралықтағы бағаның бәріне бірыңғай бақылау жасау, нарықтың монополиялануына жол бермеу, жемшөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейту болып табылады. Жайылымдық жерді тиімді пайдалану, мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпеуі, жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету секілді мәселелер де назардан тыс қалмады.
Жамбыл ауданында соңғы жылдары саланы дамытуда жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Мал басын асылдандыру, өнімдерін өңдеу қолға алынды. Инвесторлардың бастамасымен біршама тың жұмыстар жүйеленгені қуантады. Шаруалар дала төсіндегі сан салалы жұмыстарды адам күшімен ғана емес, технологияның озық түрлерін іске қосу арқылы атқаруға болатынын түсінген. Қазіргі таңда суару, дән егу, тырмалау, жер жырту, тыңайту сияқты дала жұмыстарына арнайы техниканы пайдаланады.
Президент Жолдауы ауыл шаруашылығы бағытындағы кедергілерді жойып, әлемдік озық технологияларды тиімді пайдалануға үндейтінімен құнды. Саланы сұрыптаудан өткізіп, елдің әл-ауқатын арттыру, жағдайын жақсарту көзделгендігі, жыл сайын қордаланып келе жатқан түйткілді мәселелерді шешу нақты қозғалысқа енгені қуантады.
Самат Жарасбаев,
аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы.