Кез келген тәуелсіз мемлекет экономикасының темірқазығы төл валютасы екені белгілі. Егемендікке қол жеткізген қазақ елі алғашқы күннен бастап дербес қаржылық-экономикалық саясатын қалыптастыруға кірісті. Соның арқасында тәуелсіз елдің ұлттық валютасы – теңге пайда болды. Нақтырақ айтқанда, 1993 жылдың 12 қарашасында «Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасын енгізу туралы» Президент Жарлығы шықты. Араға үш күн салып, яғни 1993 жылдың 15 қарашасында Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізілді.
Бүгінде төл теңгеміз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында қызмет етеді. Теңгенің айналымға енуіне еліміздегі қаржы саласында қызмет ететін қаржыгерлердің еңбегі өлшеусіз. Айтулы күн қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіптік мерекесі ретінде аталып өтілетіні содан. Осыны қаперге алған біз кәсіби мереке қарсаңында Жамбыл ауданы әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Маржан Байгелдимен сұхбаттасқан едік.
– Маржан Амангелдіқызы, әңгімемізді өзіңіз басшылық ететін бөлімнің қызметінен бастасақ.
– Аудан әкімдігінің қаржы бөлімі аудан бюджетінің атқарылуын, коммуналдық меншікті басқару және пайдаланудағы бақылаудың жүзеге асырылуын, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды және іске асыруды қамтамасыз етеді. Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың түсімдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарын қалыптастырады, нақтылайды, түзетеді және орындалуын жүзеге асырады. Сонымен қатар, аудандық бюджеттің орындалуын бақылауда ұстайды және ауданның есеп-қисабын, яғни, кіріс-шығысының есебін жүргізеді.
– Аудан бюджеті туралы не айтасыз?
– Ағымдағы жылы аудан бюджеті 20 млрд 486 млн теңге көлемінде жоспарланған. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, осыдан 30 жыл бұрын аудан бюджеті 500 млн теңге көлемінде болатын. Бұл көрсеткіш аудан бюджетіне құйылып жатқан инвестициялардың 41 есеге артқанын айғақтайды.
– Бюджеттің қалай орындалатынына тоқталсаңыз…
– Аудан бюджеті және төртінші деңгейдегі 17 бюджет «1С Мекеме» бағдарламасы арқылы электронды түрде уақтылы енгізіліп, іске асырылады. Сондай-ақ есептіліктердің барлығы электронды түрде қалыптастырылып тапсырылады.
– Биылғы жылдың көрсеткіштері қандай?
– Үстіміздегі жылдың 10 айының қорытындысы бойынша көрсеткіштер көңіл көншітеді. Негізі, аудан бюджетінің кіріс бөлігі 3 млрд 140 млн 907 мың теңге болады деп жоспарланған еді. Бірақ, біз бюджеттің кіріс бөлігін артығымен орындадық. Нақты орындалғаны 3 млрд 254 млн 605 мың теңгені құрап, салықтар мен түсімдер 113 млн 698 мың теңгеге артық түсті. Сонымен қатар аудан бюджетінің шығыс бөлігі 17 млрд 65 млн теңгеге жоспарланып, толығымен игерілді. Ал, ағымдағы нысаналы трансферттер мен дамытуға арналған нысаналы трансферттер көлемі 5 млрд 5 млн теңгені құрады. Жыл басынан бері аудан бюджетіне 3 мәрте толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер бірыңғай бюджеттік сыныптамаға сәйкес жүргізілді.
– Кәсіби мереке қарсаңында ауданның бас қаржыгері ретінде әріптестеріңізге, өңіріміздегі қаржыгерлер қауымына айтарыңыз бар ма?
– Әрине. Аудандағы қаржыгерлердің еселі еңбектерінің арқасында өңіріміздің экономикасы жылдан жылға дамып келеді. Барлығы да ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өсіп-өркендеуіне үлесін қосуда. Әріптестерімді алдағы кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларына амандық, шаңырақтарына шаттық, бақ-береке тілеймін. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық өркендеуі үшін жасап жатқан еңбектеріңіз жемісті болсын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ильяс Қалыбекұлы