Алмағайып шақта амал тапқан алаштықтар

Қазақтың сан ғасырлық тарихының ең жарқын беттерін жазған Алаш қозғалысы – тарихи-саяси, айрықша құбылыс ретінде ұлтымыздың мәдени-рухани даму жолын жаңа арнаға бұрғанына ешкім шүбә келтіре алмайды. Өйткені, ол Қазақ баласының саясат, мәдениет сатысына көтерілгендігін айғақтай отырып, ендігі жерде ұлт ретінде дербес өмір сүруге, өзге елдермен терезесі тең халық ретінде азат күн кешуге болатындығына әлеуметті сендіре алған жаңашыл козғалыс еді.

Қозғалыстың қарқындылығы мен жаңашылдығы – қазақ қоғамы үшін қиын-қыстау сол бір дүбірлі шақта азаттық ұранын салып, іс жүзінде бытыраңқылық пен мемлекеттік институттар қалыптаспаған сахара төсінде дербес мемлекет құруға бел шешіп кірісуінде еді. Алмағайып кезеңде амал тауып, халқының басын қосып, ертеңіне сендірген осындай ұлы топ бұған дейін болмағаны тарихтан белгілі. Олар сол тұста кездескен қиындықтардың барлығын жеңе білді, түпкі мақсатқа жету үшін қандай да болмасын, замана сауалының оңтайлы шешімдерін таба білді. Алаш қозғалысы совет өкіметі тарапынан терістелгенімен, оның идеялары ұлтжанды азаматтардың жүрегі мен сана­сында өмір сүріп келді. Оның жарқын әрі бұлтартпас мысалы – тәуелсіздік қар­саңында Алаш идеясының қайта­дан жаңа күшпен жаңғыруы.
Ес жиып, етек жапқан бүгінгі күнде алаштық идея саналы қазақ баласын, елжанды қазақ азаматын қайтадан баурап алу үстінде. Мұның басты себебі, Алаш қозғалысының ең ұлы мақсаты – ұлттық тәуелсіз мемлекет құру идеясымен сабақтасып жатқанында. XX ғасырдың басында ұлтының теңдігі үшін қауымдасумен де, қаламмен де, қарумен де күреске түскен Алаш қайраткерлерінің пәрменді еңбегі алаш баласының есінен еш кетпек емес. Оның дәлелі – тәуелсіз Қазақстанның барлық түкпіріндегі қазақ зиялы қауымының ісіндегі, ойындағы алашшылдық сана. Бұл алашшылдық сана уақыт жылжыған сайын қазіргі қазақ қоғамында тереңдей түссе, халқымыздың ұлттық өресі де биіктей бермек. Алаш зиялыларының қазақ даласында ұлттық идеяны негіздегені жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы жене осы заман» атты тарауында: «XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал», – деп көрсеткен болатын. Біз, яғни, бүгінгі ұрпақ, алаштықтардың егемендік жолында жанын садаға етіп, қасық қаны қалғанша күресіп баққанын жадымызда мәңгілік сақтап, аманатты кейінгі толқынға қаз қалпында жеткізуіміз керек.

Құралай БАЛАЖАНОВА,
Қ.Сартбаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.