Ауыл – ата-бабаларымыздың кіндік қаны тамған, маңдай тері төгілген киелі мекені. Әркімге өз ауылы, туған жері қымбат. Оның топырағы, тауы мен тасы ыстық. Туған өлкесін қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан болмайтыны содан. Ауылдың тұрмыс-тіршілігіне қарап отырсаң, балалық шақтың балғын бейнесі, еш уайымсыз өтіп жатқан күнделікті тұрмыс-тіршілік көзге көрініп тұрады.
Ауылдың қадір-қасиетін ұғындыру мақсатында ауданға қарасты ауылдық округтерде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан «Ауылым – алтын бесігім» атты өнер фестивалі өткен жұмада Өрнек және Тоғызтарау ауылдық округтерінде жалғасты.
Екі елді мекенде де өнер фестивалі ауылдық клубта өтті. Кіреберісте округтердің жетістіктері жайлы көрмелер, қолөнер шеберлерінің бұйымдары, кітап сөрелері қойылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Мерекеге сай безендірілген сахнада ауыл өнерпаздары әсем әндерін әуелетсе, мың бұралған бишілер түрлі би биледі. Аға-әпкелерінің ізімен өнерлі өрендер де ортаға шығып, өнер көрсетті.
Қазақ халқының салт-дәстүрлері – сарқылмайтын кен. Әсіресе, жастарға үлгі көрсете отырып, дәстүрімізді дәріптеу біздің басты ұстанымымыз болуы тиіс. Қазіргі қарқынды дамып бара жатқан заманда барлығы қолжетімді болғанымен, біз үшін ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді жаңғырту қажет-ақ. Айтулы шарада бұған баса мән берілді. Ауыл өнерпаздары қызықты көріністері арқылы жойылып бара жатқан салт-дәстүрлеріміздің мәнін ашып, ата-бабаларымыздан мирас болып қалған асыл мұраны жиналған жұртшылыққа өнеге етті.
Жергілікті халықтың өнерпаздарға деген ерекше ықыласы көрсеткен қошеметінен білініп тұрды. Ұйымдастырушылар да алғысқа бөленді. Барлығы да көтеріңкі көңіл күйде тарқасты.
Сағи Мұздыбай,
аудандық Мәдениет үйі директорының орынбасары.