Елімізде гендерлік саясат пен гендерлік теңдікке баса көңіл бөлініп келеді. Гендер қоғамның әлеуметтік ұйымына бағынышты ерлер мен әйелдер қызметінің теңдігін белгілейді. Гендерлік саясат ҚР «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңдармен реттеліп отырады. Гендер – бұл ерлер мен әйелдердің мінез-құлқын, сондай-ақ олардың арасындағы әлеуметтік өзара қарым-қатынасты айқындайтын, олардың әлеуметтік және мәдени нормалары мен рөлдерінің жиынтығы болып табылады.
Дүйсенбі күні Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясында Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігі Жамбыл аудандық комитеті филиалының ұйымдастыруымен «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» акциясы аясында «Зорлық-зомбылықсыз отбасы – бақыт мекені» тақырыбында басқосу өтті.
Мектеп мұғалімі Самал Байкеева жүргізген жиында аудандық комитет филиалының төрағасы Ернар Тәжібаев шараның мақсаты мен маңыздылығына тоқталды. «Қазіргі кезде қоғамда шешілмей отырған көп мәселелердің бірі – отбасындағы әйелдерге қатысты тұрмыстағы зорлық-зомбылықтар. Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көбіне әйелдер қауымы ұшырайды. Бұған қызғаныш, маскүнемдік, бұзақылық, әлеуметтік жағдайдың төмендігі себеп. Акция салауатты өмір салтын қалыптастыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын ала отырып, отбасылық құндылықтарды бағалауға негізделген», – деді төраға өз сөзінде.
Басқосуда аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Қуаныш Бақытұлы, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының сектор меңгерушісі Гүлмира Уатаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев, аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Мұрат Дүзеев, аудандық мәслихаттың депутаты Нұрлыкүл Әмірова, «Қоғамдық көзқарас» қоғамдық қорының өкілі Асия Қалиева тақырып төңірегіндегі ойларын ортаға салды. Олардың ой-пікірі бір арнаға тоғысты.
Өнегелі ұрпақ – берекелі отбасында тәрбиеленеді. Жылдар жылжыған сайын елімізде шырқы бұзылмаған отбасылардың саны азайып барады. Әрине, отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Қанша адам болса, соншама мінез-құлық бар.
Өкінішке қарай, мұндай мәселе әлеуметтік-тұрмыстық тұрақсыздық, жұмыссыздық, жалпы психологиялық тұрақсыздық, отбасының материалдық деңгейінің төмендігі, маскүнемдік, адами құндылықтардың құлдырауы және отбасы институтының жоғалуы салдарынан орын алады. Әйелдің қадір-қасиетін, оның қоғамдағы рөлін төмендететін ресурстардың қолжетімділігімен де жағдай күрделене түседі. Сонымен қатар адамның мінез-құлқын психологиялық түзету бойынша зардап шегушілермен де, жанжалқойлармен де жүйелі жұмыстар жүргізілмейді.
Үйдегі жанжалдарды бейбіт жолмен шешу, саналы ата-ана болу, ашуланшақтық пен эмоцияны басқаруға психологиялық көмек көрсету, халықты құқықтық тәрбиелеу, жазаның неғұрлым тиімді шараларын енгізіп, агрессорға тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағанда жауапқа тартылатынын жете түсіндіру арқылы шешуге болады деген ой-пікірлерін білдірді.
Жиынды мектеп директоры Салтанат Жігітекова қорытындылап, әйелдерге қатысты біраз нәрсе айтылғанын, гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алудың маңызы зор екенін алға тартты.
Ильяс Қалыбеков