Еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында еліміз түрлі кезеңдерді бастан өткеріп, тарихи сәттерді артқа тастады. Денсаулық сақшысына айналған ауданның медицина саласы да күрделі өзгерістерден өтіп, жемісті жетістіктерге жетті.
Аудан медицинасының тарихы өткен ғасырдан бастау алады. Яғни, 1966 жылы Жамбыл аудандық орталық ауруханасы ашылды. Құрамына амбулатория, шағын жататын орын мен перзентхана кірді. Алғашқы басшы Байтан Бабашевпен бірге аурухана ұжымы жалпы ел көрген қиыншылықты бірге көріп, күні-түні аянбай еңбек етті.
Осындай қиын кезеңдерде ауданның медицина саласында елеулі еңбек етіп, халықтың саулығы үшін тер төккен дәрігерлер деп 1966-2009 жылдар аралығында аурухана басшысы қызметтерін атқарған Байтан Бабашев, Мұқатай Балқыбеков, Уәли Абдуалиев, Валентин Цой, Мәкен Сандыбаев, Игорь Самарин, Тұрғын Жігітеков, Тәуіржан Мусаев, Еркінтай Сауранбаев, Жолдасбек Қамбаровтардың есімдерін құрметпен айтуға болады. Олар аудан медицинасының дамуына сүбелі үлес қосты.
1991 жылы қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізді. Бұрынғы жүйе құлдырап, барлығын жаңадан бастауға тура келді. Сол жылдардағы медицина саласының жағдайы көңіл қуантарлықтай емес еді. Медицина саласында бір рет пайдаланатын резеңке қолғап, шприцтер, инфузиялық системалар атымен болған емес. Еңбек пен тәуекелділіктің нәтижесінде бұл жағдайдан шығатын жол табылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың медицина саласында бәсекелестікті дамытуға арналған көреген саясатының арқасында медицина саласы қайта қолға алына бастады. 1997 жылғы 9 маусымда аудандық орталық аурухана облыстық медицина бірлестігіне, 1999 жылдың 1 ақпанында облыстық медициналық мекемені аудандық орталық ауруханаға қайта тіркеді. 2004 жылы аудандық орталық аурухананың емхана бөлімшесі ашылды. 2011 жылдан бастап аудандық емхана Жамбыл облыстық орталық ауруханасы құрамында.
Бүгінде науқастарға нақты диагноз қою үшін түрлі заманауи аппараттар пайдаланылады. Ал бұрын бұл аппараттарға қолжетімсіз уақытта науқастарға 70-80 пайыз жағдайда талдау аппаратынсыз диагноз дәрігердің интуиция немесе сезімталдығымен қойылатын. Олар ауру адамның жағдайын түсіне біліп, дүниесіне үңіліп, сан түрлі аурулардың белгілерінің ұқсастығын талдай отырып, жинақталған тәлім-сезіммен салыстырып, генетикалық өзгешеліктерді ескеріп, сырқаттың атқаратын қызметінің ерекшелігі, интеллектуалдығы, психикалық жағдайлары, салауатты өмір салтын сақтауы сияқты, кейде айтып тілмен жеткізе алмайтын сандаған ауруға тән құбылыстарды айыру арқылы ауруын анықтайтын. Яғни, бұның бәрі оқумен, ізденумен зерделенетін. Біздің ауруханада көп жылға дейін аппараттардан бар болғаны қарапайым лабораториялық талдағыш, бір каналды ЭКГ, рентген мен флюорограф қана болды.
Тоқырау жылдары жарық пен жылу, медициналық құрал-жабдықтар болмаған сәттерде ауыр науқасқа емшара, шұғыл ота жасау жүзеге асырылды. Жарық «веерное отключение» деген режимде берілді. Соның салдарынан көптеген үйлердің, ауруханалардың, мектептердің жылу жүйелері қатып қалып, істен шықты. Жатқан сырқаттарға беретін дәрі жоқтың қасы. Операцияға қажетті материалдарды, жаңа аппараттарды қаражат тапшылығына байланысты сатып алу мүмкін болмады. Дегенмен, операциялар уақтылы жасалып тұрды. Анестезиолог маман тек облыстық ауруханаларда ғана бар. Аудан деңгейінде наркозды дайындықтан өткен фельдшер-наркотизатор беретін. Сырқаттарға тамақ тауып берудің өзі қиын еді. Дәрігерлердің еңбекақысы аз болды. Уақытында берілмеді. Көптеген дәрігер өзге салаларға ауысып кетті. Бізге де дәрігерлерді ұстап қалу оңай болмады, дегенмен қосымша көздерді тауып, жағдай жасауға тырыстық.
Бүгінде бәрі басқаша. Елімізде Ұлттық Бірыңғай Денсаулық жүйесі енгізілді. Бұл бағдарлама – еліміздің медицина саласындағы ең ірі бағдарламалардың бірі. Жаңа жүйе аудан медицинасына оңды өзгерістер әкелді.
Халықтың амбулаториялық және стационарлық медициналық көмекпен қамтылуы бүгінде едәуір жетістікке жетті. Қазіргі модельде алгоритм, протокол жүйелері енгізілген цифрлық медицина дамыды. Бағдарламаны орындау мақсатында Үкімет ұзақ мерзімге қыруар қаржы бөлді. Медицина қызметкерлерінің жалақысын көтерді. Мамандығын жетілдіруге жақын және алыс елдердің тәжірибесін игеруге мүмкіндіктер ашылды. Бүгінгі таңда аудан медицинасының жетістігі көп. Мына COVID-19 пандемиясына байланысты медицина саласына және қызметкерлерге қаржы бөлініп, ZOOM, Vebinar сияқты қашықтықтан сан түрлі тәжірибе алмасу деректері өткізілуде.
Соңғы жылдары елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бағдарламасы қолға алынды. Негізінен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бағдарламасы алғаш рет 1997 жылы енгізілді. Өкінішке орай, бұл бағдарламаның өмірі қысқа болды. Қазір елімізде енгізілген МӘМС жүйесі – теңдесі жоқ нағыз демократиялық шешім. Осы себепті жылдар бойы қаржы тапшылығынан шешілмеген мәселелер шешімін тауып, медицина мекемелерінің материалдық проблемаларынан бөтен халық денсаулығын жақсартудағы бұрын қолжетімсіз болған мәселелердің түйіндері тарқатылуда. Өкінішке орай, МӘМС жүйесімен халық толық қамтылған жоқ, себебі кейбір жеке кәсіпкерлер, өздігінен табыс табатындар, тіпті, кейбір жұмыс берушілер табыстарын жасыру себепті медициналық міндетті сақтандырудан сырт қалуда.
Тәуелсіздік жылдарында Жамбыл аудандық орталық ауруханасы орасан зор нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, демографиялық көрсеткіштер, медициналық жабдықтармен жарақтандыру, денсаулық сақтау саласын цифрландыру саласында нәтижелер бар. Мәселен, соңғы 10 жыл ішінде туу көрсеткіші 9,6-дан 23,09 промилльге дейін артса, нәресте өлімінің 10,6-дан 7,1-ге дейін төмендеуі, туберкулезбен сырқаттанушылықтың 97,7-ден 22,7-ге дейін төмендеуі, туберкулезден өлімнің 5,8-ден 1,1-ге дейін төмендеуі көңіл қуантарлық. Сондай-ақ, 2013 жылдан бері ауданымызда ана өлімі тіркелген жоқ, бұл халыққа көрсетілетін медициналық көмек деңгейінің жоғарылағанын көрсетеді.
Сонымен қатар соңғы 10 жылда денсаулық сақтау саласында 18 жаңа ғимараты салынды, медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандыру пайызы 42,26 пайыздан 85,37 пайызға өсті.
Жамбыл аудандық орталық ауруханасы тәулік бойы жұмыс істейтін стационарда дәрігерге хабарлау және төтенше жағдайда оны палатаға шақыру үшін SOS жүйесін енгізген өңірдегі алғашқы орталық аурухана болып табылады. Біздің ұйым 2017 жылы облыста бірінші болып «Е-кезек» электронды кезек жүйесін қосты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінің қатысуымен тәжірибе орталығын ашты. Заманауи медициналық-техникалық базамен жабдықталған жылжымалы медициникалық кешен былтырдан бері аудан, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп келеді.
Бұның барлығы Тәуелсіздік жылдарындағы медицина саласының дамуының бір көрінісі деп білемін.
Алтай САУРУКОВ,
Жамбыл аудандық ауруханасының бас дәрігері.