Жамбыл ауданының оқушысы техникалық шығармашылық және өнертапқыштық бағытындағы республикалық жарыста жоғары нәтиже көрсетіп, жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған техникалық шығармашылық және өнертапқыштардың республикалық жарысына еліміздің түкпір-түкпірінен дарынды оқушылар қатысты. Байқау аясында әуе, зымыран, дрон, көлік және кеме құрастыру бағыттары бойынша үздіктер анықталды.
Аталған додада «Квадракоптер» номинациясы бойынша Жамбыл ауданының оқушысы Есберген Бекболат Бердалыұлы жоғары шеберлік танытып, І дәрежелі дипломға ие болды.
Жас өнертапқыштың жеңіске жетуіне жетекшісі Қайрат Дәулетқұлұлы Отарбаевтың еңбегі зор. Ұстаз бен шәкірттің бірлескен жұмысының нәтижесінде дайындалған жоба қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Бұл жетістік аудан оқушыларының техникалық шығармашылыққа деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар жас буынның ғылым мен технология саласындағы қабілеттерін дамытуға бағытталған жұмыстардың нәтижелі екенін аңғартады.
Жеңімпазды және оның жетекшісін айтулы жетістігімен құттықтай отырып, алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындырып, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда аудан абыройын асқақтата беруіне тілектестік білдіреміз.