Рас, бастапқыда ел азаматтары «Pfizer» екпесіне қарсылық танытты. Дегенмен, уақыт өте келе бала денсаулығына ең алдымен ата-ана жауапты екенін ұғынып, вакцинациялауға келе бастады. Екпе ең алдымен 12 жастан асқан балалар мен жүкті әйелдерге және бала емізетін аналарға салынады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл процесті ұсынып, індетті ауыздықтаудың бірден-бір тәсілі екенін жеткізді. Қазір әлемнің 20-дан астам елінде 12 жастан бастап, Қытайда 3 жастан, АҚШ-та 5 жастан бастап екпе салынып жатыр. Озық елдердің тәжірибесін, әлемдегі эпидахуалдың құбылғанын ескеріп, Қазақстан 12-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді иммундау үшін тиімділігі іс жүзінде дәлелденген «Pfizer» вакцинасын жеткізе бастады. Елімізде коронавирус инфекциясына қарсы вакцина тегін әрі ерікті түрде екпе алуышының келісімімен ғана жүргізіледі. 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді вакцинациялауға ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен ғана жол беріледі. Вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылмайды.
Екпені алғашқылардың бірі болып аудан әкімі Сәкен Арубаев қызына салдырып, көпшілікке үлгі болғанын атап өткеніміз жөн болар. Жалпы ауданға «Pfizer» екпесінің 4050 дозасы жеткізілсе, бүгінгі күнге оның 3532-cі егілген. Тарқатып айтар болсақ, вакцина 288 жүкті әйелге, 617 бала емізетін анаға, 12-17 жас аралығындағы 2627 балаға салынды. Індетті жеңу үшін иммундық жүйе қалыптасуы қажет. Ал ол үшін екпе салдыру қажеттігін айтпасақта түсінікті.
Алтай Сауруков,
Жамбыл аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері.