Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев тұрғын үй құрылысы, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және индустриялық аймақтарды инженерлік желілермен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.
Қазіргі таңда облыс аумағында жалпы 143 құрылыс нысаны жүзеге асырылуда. Оның 96-сын биыл пайдалануға беру жоспарланған.
2026 жылы құрылыс саласына 418,5 млрд теңге инвестиция тарту көзделген.
Жыл соңына дейін 770 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оның 326 мың шаршы метрі қаңтар-маусым айларында пайдалануға тапсырылды.
Бүгінде коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде 60 995 азамат тұр. Оның ішінде 31 321 азамат халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады.
Биыл кезекте тұрған 2 035 азаматты әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған. Оның 680-і – әлеуметтік осал санаттағы азаматтар.