- Әлемдегі экономикалық жəне шаруашылық қатынастардың күннен күнге дамуы барысында жұмыссыздық мəселесі назардан тыс қалған емес. Жұмыссыздық макроэкономикалық теория тұрғысынан негізгі мəселелердің бірі болып саналады. Себебі экономикалық өсуге жұмыссыздықтың тигізер əсері айтарлықтай деңгейде. Сондықтан да жұмыссыздық деңгейін төмендету жəне жұмыссыздарды жұмысқа тұрғызу мемлекеттік маңызға ие.
Жұмыссыздықты жоюға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар еліміздің еңбек нарығындағы қалыптасқан жағдайды оң шешуге, индустриялық саясатты жүзеге асыру үшін еңбек әлеуетін оңтайлы пайдалануға мүмкіндік береді. Бағдарламалардың негізгі мақсаты – тұрақты және нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыру.
Елімізде азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуға және кәсіпкерлікке тартуға бағытталған бағдарламалардың бірі әрі бірегейі – «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы. Оның аясында еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, еңбек ресурстарын қайта даярлау, «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, шағын несие беруді кеңейту, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру сияқты мақсат-міндеттер қамтылған.
Бұл бағдарлама арқылы елдегі жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайыздан асырмай, белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес нысандарының үлесін 10 пайызға арттыру көзделген. Осы орайда жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту нәтижесі қандай? Көкейде жүрген сауалға жауап іздеген біз аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Асқар Жанқоразовтан қажетті мәліметті сұратқан едік.
Берілген мәліметке сүйенсек, өткен жылы аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына ресми жұмыссыз ретінде 1559 адам тіркелген. Жұмыспен қамтуға өтініш білдірген 5310 адам мемлекеттік, салалық, өңірлік және аймақтық бағдарламалар арқылы ашылған тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан. Жалпы, аудан азаматтарын жұмыспен қамту «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бағыттары бойынша ұйымдастырылған.
Мәселен, техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету бойынша оқыту курстарына 318 адам жолданып, оның 297-сі тұрақты жұмыспен қамтылды.
Жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында өз кәсіптерін дамытуға, кеңейтуге 198 азамат несие алды. Нәтижесінде, 114 адамға қосымша жұмыс орындары ашылды. Бизнес идеяларды іске асыру үшін 598 азаматқа грант берілді. Сондай-ақ «Бастау бизнес» жобасы аясында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Жамбыл аудандық филиалы арқылы кәсіпкерлік негіздерін үйренуге 363 адам жолданып, оның 359-ы оқуын аяқтап, сертификат алды.
Жастар практикасы бойынша 177 маманға жолдама беріліп, мерзімі аяқталған 171 жас тұрақты жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 114 азамат, ақылы қоғамдық жұмыстарға 1059 адам тартылды. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 6 жас маман жұмыс орнына жолданды.
Мүмкіндігі шектеулі жандар да назардан тыс қалмаған. Ерекше қажеттілігі бар 164 азамат жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 2 жас «Жастар практикасы» арқылы, 38 адам ақылы қоғамдық, 1 адам әлеуметтік, 74 адам тұрақты жұмыс орындарына тартылған. 15 адам қысқа мерзімді оқу курстарына жіберілген. 10 адам «Бастау бизнес» жобасы аясында шағын несие, 14 азамат жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алған.
Ауданда жұмыссыздықты азайту, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, азаматтардың бизнес идеяларын іске асыруға қолдау білдіру бойынша атқарылған жұмыстар легі жоғарыдағыдай. Бірнеше жылға созылған бағдарламаның да мерзімі былтырғы жылмен аяқталды.