Айша бибі орта мектебінің оқушысы республикадан үшінші орын иеленді

 

Жуырда республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен жалпы білім беретін мектептердің 2-7 сынып оқушылары арасында олардың зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстары бойынша XVII Республикалық «Зерде» конкурсының қорытынды кезеңі Ақмола облысы, Щучье қаласы, «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында өтті. Бастауыш және орта буынды оқушылардың интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін ынталандыру және қолдауды мақсат еткен конкурсқа 423 мектеп тәрбиеленушілері қатысты. Жамбыл облысынан 21 оқушы өз білімін сынап, зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстары бойынша қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, математика, информатика, орыс тілі мен әдебиеті, физика, химия, техника, медицина, психология, тарих, өлкетану, этномәдениеттану, биология, экология, валеология, робототехника секцияларынан сынға түсті.

Конкурс нәтижесінде, ауданымыздағы Айша бибі орта мектебінің 4 сынып оқушысы Айерке Қалман үшінші орынды иеленіп, облыс атын асқақтатты.

Айша бибі орта мектебінің директоры Бахыт Шертаева мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рахат Елеманова жеңіспен оралған Айерке мен оның жетекшісі Назима Төрткүлбаеваны қарсы алып, ұстаздар атынан алғыс білдіріп, мерейін өсірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.