Тарих пен архив – егіз ұғым. Тарихты жасайтын – халық, сақтайтын – архив. Архив дегенде, әрбір азаматтың көзалдында көне сарғайған құжаттардың елестейтіні анық. Иә, осы көне сарғайған құжаттардың ішінен біз біле бермейтін қаншама керекті деректер мен мағлұматтарды іздеп тауып алуға болады. Алайда архив біздің өткеніміз бен қазіргі болашақ көкжиектерімізді байланыстырып тұратын платформа екені анық.
Болашақтың дидарын көзімізге елестету үшін, кешегі өткен кезеңге көз жүгірту үшін де міндетті түрде архив саласына жүгінетініміз бар. Бұл – халық пен ел тарихындағы құнды деректерді жинақтап, сақтап, елдің игілігі үшін қызмет көрсететін бірден-бір сала. Өз тарихымызды сақтай отырып, болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру, әрине бізге жүктелген аманат. Архивтерден алынған деректер жеке тұлғалар, тарихшыларға, ғалымдарға қай сала болмасын, үлкен жол көрсетері анық.
Осы орайда ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 20 наурыздағы №148 «Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту» туралы қаулысын іске асыру барысында Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті «Архив және болашақ ұрпақ» жобасын өткізуге бастамашылық жасап отыр. Жоба бойынша жыл сайын 21 қыркүйекте бүкіл ел арасында мемлекеттік архивтерде түрлі жастағы жастарды кеңінен қамтып, іс-шаралар өткізуді қолға алып отыр.
Сәрсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында Жамбыл ауданы мемлекеттік архивінің ұжымы осы мақсатта, яғни ата-бабалардың тарихын, салт-дәстүлерді насихаттау, Отанға деген жастардың патриоттық сезімдерін ояту, жастар мен аға буын еңбек ардагерлері арасындағы ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, «архивист» мамандығына жастардың қызығушылықтарын арттыруға бағытталған «Тарихты ұрпақ біліп, есте сақтасын» атты ашық есік күнін өткізді.
Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» кеңесшілері мен аудан жастары, №1 орта мектептің жоғары сынып оқушылары және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев, кеңес мүшесі Сәрсен Күзербаев және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сансызбай Махамбетқұлов қатысқан келелі басқосуда аудандық мемлекеттік архивтің директоры Келсінкүл Күлекеева елімізде архив саласының дамуы мен қалыптасуы жөнінде баяндады.
Баяндамашының сөзінен ұққанымыз, елімізде архив саласы 1794 жылдан бастап қалыптасып, дами бастады. Тарихқа сүйенер болсақ, архив саласының негізін қалаушы – Әбілхайыр хан, ізін жалғастырушы Жәңгірхан болған деседі. Осы жерде біз ата-бабаларымыздың даналығын, көрегендігін, болашаққа деген сенімін, келер ұрпаққа қалдырған өнегелі жолын аманат етіп қалдырғанын көруге болады.
Сол заманның өзінде салынған ғимараттардың мықты болуына көңіл бөлінгендігі, оттан, судан құжаттарды сақтау қадағаланып, жазу жазған қағаздардың төзімділігі басты назарда болған. Себебі сол уақыттағы қағаздар матадан жасалып, 500 жылға дейін сақталған. Бүгінде ондай қағаздар жоқтың қасы. Біздің пайдаланып жүрген А-4 форматтағы қағаздарымыздың сақталу мерзімдері 150 жылға ғана жетеді екен.
-Тарихи кезеңдерді алға тарта отырып, ауданымыздың тарихына тоқталар болсақ, Жамбыл ауданы алғаш рет 1928 жылы 17 қаңтарда Сырдария округіне қарасты Әулиеата ауданы болып құрылған. Құрылған жылдары ауданда 18 ауыл шаруашылығы артелі жұмыс атқарған. 1932 жылдың 20 ақпанына дейін Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында болған. 1936 жылдың 10 қаңтарында Әулиеата ауданына сол кездегі Қазақстан басшысы Мирзоянның есімі берілген. 1938 жылы Мирзоян халық жауы болып ұсталып, сол жылдың 1 шілдесінде қазақ халқының Гомері атанған ұлы Жамбылдың есімі берілген. 1939 жылы Оңтүстік Қазақстан облысынан Жамбыл облысы болып бөлініп, Жамбыл ауданы осы құрамда қалады. Сол жылдары ауданда 15 селолық кеңес болған, 1962 жылдың 17 қаңтарында Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен аудан орталығы Аса ауылы болып аталады. Осы сіздерге айтылып отырған деректердің негіздемесін архив мекемесінің құжаттарынын алынып отыр. Жамбыл ауданында алғаш рет 2002 жылдың 16 шілдесінен бастап архив мекемесі ашылып, бүгінде аудан жұртшылығына мемлекеттік қызмет көрсетіп отыр.
Архивтегі атқарып жатқан игі істерді айтатын болсақ, қор саны – 109, тұрақты – 15574, жеке құрам бойынша – 11228, жеке тектік – 170, фотоқұжат – 132, құжаттардың жалпы саны – 27104 сақтау бірліктері сақталуда. 1928-1936 жылдардағы латын, араб тілінде жазылған құжаттарымыз бар. Осындай тарихи әртүрлі құжаттардың жинақталып жатудың өзі игі істердің шынайылығын білдіреді. Тарихымыздың өткені мен бүгінін саралап, жан-жақты зерделеу – тікелей архившілердің міндеті. Қоймадағы құжаттарымыз заманауи жылжымалы сөрелермен қамтамасыз етілген. Құжаттар жағдайы талапқа сай сақталуда. Архив мекемесі «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда, «Электронды үкімет», «Электронды құжаттардың бірыңғай архиві», Е-архив ақпараттық жүйесін енгізу жұмыстары қолға алынып жүргізілуде. Архив қоймасындағы сақтаулы құжаттарды электронды сандық түрге көшіру цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Адамзат тарихындағы болып жатқан әрбір жаңалықтар, құбылыстардың барлығы – біздің ертеңгі тарихымыз. Болашақ ұрпақтарымыздың ертеңі үшін құжаттарды электронды жүйеге енгізу өте пайдалы және қажет. Бұл электронды жүйені «Болашақтың архиві» деп түсіну маңызды. Архивтердегі құнды деректерді көздің қарашығындай сақтап, жоғалған дүниелерімізді түгендеп, болашаққа аманат етіп қалдыру – алдымыздағы озық мемлекеттерден қалмай, Жаңа Қазақстанда жаңаша өмір сүретін, қанымыздағы асыл қасиеттерді қайта жаңғыртып, құндылықтарымызды насихаттап, рухани бай екенімізді дәлелдеп, алдағы уақытта әлі де осындай атқарылып жатқан игі істер мен іс-шаралар жалғасын табатынына сенімдіміз, — деген Келсінкүл Жұмалықызы архив саласының жаңашыл игі істеріне жан-жақты тоқталды.
Жылы жүздесуде салмақты сөз сабақтаған Бақыт Уәлиұлы мен қария Сәрсенбай Күзербаев қазақ елі осы уақытқа дейін қаншама нәубет жылдарды басынан кешкенін: жаугершілік заманда, ашаршылық, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ашылмаған, құпия ретінде сақталған деректерді қазіргі кезде архив көздерінен ашылып жатқанын сөз етті. Сонымен қатар сөз алған Сансызбай Бертайұлы:
-Архивте сақталған әрбір құжат ата-бабамыздың өткен өмір жолынан сыр шертеді. Ондағы құжаттар таңбаланып қалған. Оны ешкім өзгерте алмайды. Соны бабалар аманаты деп арқалап келе жатқан жандар – архившілер. Ол адамдарды тарихшы, әлеуметтанушы, саясаттанушы деп қабылдауымыз керек және олар соған лайықты деп айтуға болады.
Киелі топырақтан ылғи ұлылық туылып отырады. Әйтпесе сол тарихтың бәрі көз алдымызға көшіп келмес еді. Неге біз сонда атадан қалған ұлы істеріне, үлкен еңбегіне тамшыдай болса да үлес қоса алмаймыз? Қосуға тиістіміз. Айтқым келгені – архившілердің еңбегін бағалауымыз керек, — деп, архив қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалап, жас ұрпаққа дәріптеді.
Салмақты әңгімелер айтылған жарқын кездесуден соң жастар арнайы аудандық архив мекемесіне кіріп, өткен күннен естелік болған құнды деректерді тамашалап, мекеме қызметкерлерінің айтқан мағлұматтарын ұйып тыңдады.