Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы», – деген екен. Алаш арысының осы бір сөзі халқымыздың «Тәрбие талбесіктен басталады» деген тәмсілімен ұштасып жатыр. Халқымыз ежелден-ақ ұрпағының ұятты қалқан, арды найза етуін басты назарда ұстаған. Ал сол өскелең жасты саналы азамат қылып қалыптастырудың бірден-бір құралы – кітап екені айтпаса да түсінікті. Әсіресе бұл тұрғыда балалар әдебиетінің алар орны ерекше.
Кешегі Мұзафар Әлімбаев, Қастек Баянбай сынды алыптардың көркем туындыларынан талай буын тәлім алып, қанаттары қатайды, өмірге деген көзқарастарын орнықтырды. Алайда бүгінгі күні осылардың ізін жалғап, бүлдіршіндер жанының бағбанындай болып жүргендерді сирек байқаймыз. Бұл балалар әдебиетінің басынан бағы тая бастағанын білдіре ме? Неліктен осы жанрдың көгінде жұлдыздай жарқырап жүрген қаламгерлер некен-саяқ? Осы бағытта қалам тартып жүрген жазушылардың жанайқайы көп жағдайды аңғартса керек. Мәселен, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Бақытжан Советұлы бар мәселе қолдау мен қамқорлықтың жоқтығында екенін айтады.
– Кішкентай оқырмандарға арнап туынды жазу бәрінен де қиын. Белгілі ғалым Құлбек Ергөбектің «Балалар әдебиеті – көзге көрінбейтін, бағалана бермейтін әдебиет. Балаларға арнап шығарма жазудан асқан ақырет іс жоқ» деген сөзінен-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Айталық, бізде ақын көп, бірақ бала тілінде өлең тудырып жүргені саусақпен санарлық қана. Соған қарамастан балалар әдебиетін бағалап жатқан ешкім жоқ.
2021 жыл – «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жарияланды. Бөркімізді аспанға атып қуандық. Өкінішке орай, айтылған сөз ауыздан шыққан сәтте-ақ ұмытылғандай. Себебі бұл бағыттағы бірде-бір жұмысты көрмедім өз басым. Ашығын айтқанда, дәл қазір елімізде балалар әдебиеті ақсап, өгейдің күйін кешуде. Ал оны дамыту үшін бұл жанрды жалпы әдебиеттен бөліп қарастырған жөн. Сондай-ақ облысымызда түбегейлі осы салаға бет бұрмаса да, балаларға арнап шығарма жазып жүрген Көсемәлі Сәттібайұлы, Пернебай Дүйсенбин сынды жазушылар бар. Соларды балғындармен кездестіріп, туындыларын арнайы жинақ ретінде шығаруға болады ғой. Оған толығымен мүмкіндігіміз бар. Бірақ соны пайдаланбаймыз. Жан-жаққа сауын айтып, сүйіншілеп көптеген әдеби байқауларды, мүшәйраларды ұйымдастырамыз. Сол бәйгелерде балаларға арналған туындыларға жалғыз номинацияны атайды, болды, сонымен бітті. Соны талғажау етіп, мәз боламыз. Президенттің, Үкіметтің арнайы тағайындайтын стипендиялары бар. Бұл жерде де сырт қаламыз. «Жүздеген, мыңдаған шет ел әдебиетін қазақ тіліне аудардық» деп мақтанғанда ауыздыға сөз бермейміз. Шын мәнінде ол кімге керек? Одан да сол қаржыға жергілікті қаламгерлерге қолдау жаса. Орыс пен ағылшынның жазғанын қазақтар да жаза алады. Жан-жақты демеу болса, бізден неге Андерсендер шықпасқа? Тағы бір айта кетерлігі, қазір тек байқау үшін ғана балалар тақырыбына қалам сілтейтін ақындар бар. Мүшәйраға қатысады, жүлде алады, содан соң ол тақырыпқа қайта айналып соқпайды. Әрине, сананы тұрмыс билейтін заманда бұл заңды құбылыс. Өйткені ешкім олардың кітабын шығарып, жағдайын жасамайды. Сондықтан ешқайсысының әрі қарай осы жанрды дамытуға құлқы жоқ. Мысалы, менің әкем Совет Әлімқұлов Алматыны аспай-ақ, Мәскеуге бармай-ақ КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне өтті. Себебі ол кезеңде әдебиеттің өрісін кеңейтіп, қарыштауына жол ашылды. Соның арқасында кітаптары жарық көрді, есімін ел таныды. Қазір балалар әдебиетіне дәл осындай жағдай жетіспей тұр. Ал мұны ретке келтіру мәдениеттің тұтқасын ұстап отырғандардың тікелей жұмысы, – дейді қаламгер.
Облыстық «Aq Jol» газетінің тілшісі Марат Құлыбаевтың да пікірі осыған саяды. Оның сөзінше, аталған мәселенің бір ұшы баспаларға келіп тіреледі екен.
– Елімізде балалар əдебиеті ғана емес, жалпы қазақ əдебиетінің жағдайы сын көтермейді. Өйткені насихат жоқ. Мүйізі қарағайдай жазушылардың өзі тамаша шығарма жазса да, мемлекеттік тапсырыспен 2 мың данадан артық кітап басып шығара алмайды. «Жас толқын» сериясымен басылған кітаптар да сондай көлемде. Осыдан кейін не айтуға болады? Ол кімге жетеді?
Өз қаражатына кітап басып жатқандардың да тиражы 1000-нан аспайды. Мемлекеттік тапсырыспен кітап бастыру өте қиын. Баспалар лимит қойып тастаған. Мемлекеттен бөлінетін қаржы аз. Ал жеке баспалардың дəурені жүріп тұр. Соның салдарынан әдеби шығармадан гөрі естелік жазып табыс табатындар көбейіп кетті.
Кешегі келмеске кеткен Кеңес үкіметінде де, бүгінгі дамыған мемлекеттерде де бала тəрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді. Оларды əдеби шығармалар арқылы еңбекке, адамгершілікке баулиды. Бұл жағынан келгенде біздің елде бұл жанр тоқырап тұр. Байқасаңыздар кітапханаларда бұдан 30-40 жыл бұрын шыққан шағын суретпен безендірілген ертегілер мен санаулы авторлардың шығармалары қайта-қайта қайталанып басылып жатады. Ал тəуелсіздік жылдарында ел егемендігін жырлайтын, əңгімелейтін жаңа туындылар жоқтың қасы. Бар болса ілуде біреуі ұшырасады. Яғни, осының өзі-ақ осы жанрда жазатын қаламгерлерге деген қамқорлықтың жоқтығын көрсетіп тұрған жоқ па?
Биыл балалар əдебиеті жылы деп жарияланғанымен, не істеліп жатыр? Əзірге кереметтей өзгеріс байқалмайды, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалған. Өңірлердегі осы бағытта қалам тербегендер тағы да назардан тыс қалды. Балалар əдебиетіне жастар жағы қалам тербеуге құлықты емес. Өйткені таныла алмайды. Оның басты себебі – бұл жанр еш жерде насихатталмайды. Мемлекеттен үлкен қолдау болмаса, балалар əдебиетінің болашағы бұлыңғыр, – деп өз ойын білдірді әріптесіміз.
Егер сіз гүл егіп, бірақ оған нәр бермесеңіз, ол жайқалып өспейді, солып қалады. Балалар әдебиетіне де қаржы құйылып, демеу көрсетілмесе, кеңге құлаш сермей алмайды. Жоғарыдағы пікірлерден ұққанымыз осы. Әрине телефонның «торына» шырмалып, ғаламтордың «қақпанына» түскен бүгінгі балғындарымыздың бетін бері қарату үшін көркем туындылар ауадай қажет. Ал оны дүниеге әкелуде балалар жазушыларына зор жауапкершілік жүктелген. Сондықтан да жас ұрпақтың келешегі кемел, түсінігі тағылымға толы болсын десек, көркем жанрдың көсегесін көгертіп, абыройын асқақтату аса маңызды. Сонда ғана елемеудің кесірінен есеңгіреп, «жансақтауда» жатқан жанрдың кеудесіне жан бітіп, тамырына қан жүгірер еді.
Құрбанәлі ШАХАБАЙ