– Бақытжан ініңіз зейнеткерлікке шығыпты, – деді Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінің редакциясында бірге қызмет атқарған әріптестердің бірі.
– Ойпырмай, оның да қариялық жасқа келіп қалғаны ма? – дедім әңгіме Оспанов туралы екенін пайымдап. – «Шұғылаға» қызметке келгені кеше ғана сияқты еді ғой.
Иә, кеше ғана сияқты еді-ау. Редакторымыз Шәймерден Дәуренов мақала мәтінін салыстырып оқушы (подчитчик) қызметіне қабылданған жас жігіт Бақытжан Оспановты ұжымға таныстырып тұрып: «Бұл азамат әлі осы газетті басқаратын болады», – деген. «Жас қызметкерді ынталандыру үшін айта салған шығар» деп ойлағанбыз басында. Бірақ, шындығында солай болды, Шәкең дуалыауыз, көреген екен. Бақытжан бірінші басшы болмаса да, араға жылдар салып редактордың орынбасары лауазымына дейін көтерілген. Білімділігі мен шынайы шығармашылық қабілетімен, қарымды қаламгерлігімен.
Редакцияда орыстілді журналистер жетіспейтін. Соған қарамастан, сол кездегі тәртіп бойынша қазақ және орыс тілдерінде бөлек-бөлек басылып шығатын.
Ресми материалдар мен күнделікті хабар-ошар сипатындағы мақалалар екі газетте бірдей. Тек әдеби шығармалардан басқасы.
Екі тілде де аудармашы бар. Соған қарамастан, қазақ журналистер өзіміз аудара саламыз көбінесе. Ал, ұлты басқа орысша жазатын журналистер оған бас ауыртып жатпайтын. Сондықтан, қазақшадан орысшаға аударатын қызметкердің жауапкершілігі жоғары, жұмысы ауыр.
Басшылар, тікелей міндеті болмаса да, осы жауапкершілігі жоғары, ауыр жұмысты кейде Бақытжанға жүктейтін. Мүмкін, оның шығармашылық әлеуетін сынағысы келген шығар? Бақытжан бас тартқан жоқ, аударма жұмысын жүрдім-бардым емес, қызығушылықпен атқарды.
Сірә, аудармасының сапасы жақсы болуы керек, орыс газетіне жауапты лауазымды қызметкерлер Галина Мамурзаеваның машинкасынан шыққан материалдарға шұқшиып жатпай-ақ өндіріске жіберетін. Апта сайын болатын лездемеде аудармалардың түпнұсқадан да жақсы шыққаны талай рет мақталды. Сырт көз – сыншы, қайсыбір мақалалардың қазақшасына қарағанда орысша нұсқасы мазмұнды, тартымды екенін оқырмандардан да естіген кездеріміз бар. Газетке айтылған мақтау – бізге де ортақ. Ондайда мақаланы жоғары сапада аударған Бақытжанға риза болмағанда қайтерсің. Талай рет ризашылықпен арқасынан қаққанбыз да. Бақытжан оған асып-тасып мастанған да, көкірек керген де емес. «Солай болуы керек қой» деген сыңайда жылы жымиып күлетін де қоятын.
Шығармашылығы осылай шыңдала түскен Бақытжан Қарпықұлына зор сенім көрсетіліп, арнайы білімі болмаса да, тілшілік қызметке жоғарылатылғанына ешқайсымыз таңғалған жоқпыз. Ол бұл бағалауға лайық болды. Жұмысына тиянақты, ұқыпты.
Тәрбие – талбесіктен. Бақытжанның бойындағы тамаша қасиеттер әкесі, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының шаруашылық жөніндегі орынбасары Қарпық қария мен анасы, ұзақ жылдар ұстаздық еткен Нафиса жеңгейден дарығанын кейін білдік. Жалғыз ұлдың жолында бәрін беруге бар бұл кісілер ортасына сыйлы, құрметті жандар еді.
Бақытжан редакция ұжымына тастай батып, судай сіңді. Өзі – көпшіл-ақ, кісімен тіл табысқыш. Жасы кіші болғандықтан, үлкендер оны «барып кел, алып келге» көп жұмсаймыз. Бақытжанда бас тарту жоқ, жұмысқа қатысы бар ма, жоқ па, жұмсаған жағына жиналып бара жатқаны. Тілалғыш баланы кім жек көрсін, сол үшін де оны бәріміз жақсы көрдік.
«Шәймерден Дәуренов дуалыауыз, көреген екен» деп едім ғой бір сөзімде, Шәкеңнен кейін Арғынбай Бекбосын, Базар Қилыбаев сынды журналистиканың корифейлерімен қызметтес болып, олардан зор тәлім-тәрбие алған Бақытжан редактордың орынбасары қызметінен аупартком ұйғарымымен Алматы жоғары партия мектебіне оқуға жіберілген.
Бақытжан Оспанов ол оқу орнында саясаттанушы мамандығын алды, бірақ, редакцияға қайта оралған жоқ. Сол кездегі қалыптасқан білімді, білікті, қабілетті жастарды партиялық қызметке тарту үрдісі бойынша аудандық партия комитетіне қызметке қабылданды. Осында жауапты қызмет атқарып жүргенінде ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің жауапты хатшысы қызметіне ауыстырылған. Еңбекшілер мүддесін қорғауда ерекше рөл атқаратын бұл құрылымда Бақытжан Қарпықұлы әлеуметтік қолдауға мұқтаж талай адамдарға көмек көрсетіп, талай түйінді мәселелердің оңды шешілуіне ықпал жасап алғысқа бөленді.
Еліміз егемендігін алып, Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін уақыт талабына бейімделген Бақытжанды кәсіпкерліктің алғашқы қарлығаштарының қатарынан көрдік. Жаңа қоғамдық құрылым, жаңаша жұмыс жүргізудің қиындығы болмай қалған жоқ. Сол қиындықтарды жеңе білген кәсіпкер Бақытжан қазір «Тараз-СитиКапитал» брокерлік компаниясының директоры. Республикалық көлемде жұмыс істейтін құрылымның жетістіктері жақсы. Ол бірқатар адамдарды еңбекке тартып, жұмыссыздықтың жойылуына үлес қосып отыр.
– Бақытжан, қариялар қатарына қосылғаның құтты болсын! – дедім шын жүректен құттықтап. – «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» дегендей, өзің туралы жақсы пікірлер естіп қуанып қалдым.
– Рақмет! Бәрі де «Шұғыланың» арқасы ғой. Мен онда өмірдің үлкен мектебінен өттім. Қазіргі жеткен жетістіктерімде осы қарашаңырақта қатар қызмет атқарған, ақыл-кеңестерін аямаған ағалардың үлестері бар. Шәймерден Дәуренов, Совет Әлімқұлов, Лесбек Әзбергенов, Арғынбай Бекбосын, Базар Қилыбаев сынды ағалар дұрыс бағыт-бағдар сілтеді. Шығармашылыққа төселуіме Владимир Стасюк, Иринархов, Алмат Жарылқасыновтардың тигізген ықпалы зор. Өзіңізден де үйренгендерім көп. (Ол жымиып күліп қойды). Бақыт Сырлыбаев ағам анда-санда тәртіпке шақырып қоятын. Жанашырлығы ғой. Құрдастарым Мейрамбай Сатыбалдиев (марқұм), Дүйсен Молдақұловпен әзіліміз жарасқан әріптестер болып, бір-бірімізді толықтырып отырдық. Айтары жоқ, кезінде «кадрлар дүкені» атанған «Шұғыланың» шекпенінен шыққандар редакцияның атағын аспандатты. Осында қызмет атқарып, кейін жоғары басылымдарға ауысқан Махан аға Дүйсебаев, Сапарғали Әлібай, Толымбек Әлімбекұлы, Бекет Момынқұлов – сол санаттағылар. Мен олардың бәріне де ризамын. Бақилықтарының имандары саламат болсын, тірілеріне тек жақсылықтар тілеймін! – деді Бақытжан ағынан жарылып.
Шын жүректен шыққан сөз. «Шұғылада» өмір мектебінен өткендер көп. Солардың қай-қайсысы да жақсы жақтарынан айтуға лайық.
Мен мақалама арқау еткен Бақытжан Қарпықұлы Оспанов солардың бірі. Дәл қазіргі кездің тілімен айтсам, ол – нағыз заманының адамы.
«Еңбегің жанып, еліңе қызмет ете бер!» деген ағалық ақ тілегімді арнаймын жақсы ініге.
Болат ЖАППАРҰЛЫ