Медициналық-санитарлық алғашқы көмек жалпы денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады. Тиімді медициналық-санитарлық алғашқы көмек халық денсаулығын жақсартуды, пациенттердің қанағаттанушылығын және денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығындарды азайтуды қамтамасыз етеді.
Елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламада медициналық-санитарлық алғашқы көмекті одан әрі дамыту алғашқы буындағы әмбебап, интеграцияланған, әлеуметтік бағдарланған, қолжетімді және сапалы медициналық көмекті дамытуға бағытталған шараларды тереңдетуді көздейтіндігі көрсетілген.
Халықаралық тәжірибе медициналық-санитариялық алғашқы көмекті жетілдіру бойынша денсаулық сақтау бағдарламаларының нәтижелілігі дәлелді медицина қағидаттары негізінде персоналды оқыту, алғашқы буында отбасылық қағидат бойынша халыққа медициналық қызмет көрсету, жеке және қоғамдық денсаулықты қалыптастыру процесіне халықты тарту секілді медициналық-ұйымдастырушылық технологияларға байланысты болатынын байқатады.
Бейсенбі күні аудандық орталық емханада заман талабына сай қызмет көрсететін «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің үздік тәжірибелік орталығы» ашылды.
Орталықтың ашылуына аудан әкімі Сәкен Арубаев, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық орталық офисінің басшысы Мелитта Якаб, қоғам қайраткері, профессор, Қазақстан Республикасы бастапқы медициналық көмек «Primary Heath Care» Ұлттық ассоциациясының президенті Төлебай Рахыпбеков, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев арнайы келіп қатысты.
Айтулы шарада сөз алған Мелитта Якаб: «Қазақстан даму үстінде. Сонымен бірге медицина саласы да дамуда. Бұл орталықтың ашылуы – мемлекеттің денсаулық саласына білдірген үлкен қолдауының айқын көрінісі. Алға қарай қадам басып жатырсыздар. Жаңа мүмкіндіктер жергілікті халық арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, профилактикалық жұмысты жақсартуға мүмкіндік береді. Көрсетілетін медициналық көмектің көлемі кеңейіп, қолжетімділігі арта түсуі тұрғындар саулығына септігін тигізеді. Барлығыңызға сәттілік тілеймін. Қызметте табысты болыңыздар», – деді.
Оның сөзін жалғаған Әсет Әскерұлы орталықты ашу үшін облыс және аудан тарапынан ауқымды жұмыс жүргізілгенін, нысан заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталғанын тілге тиек етті.
Жылы лебіздер легінен кейін жоғарыда есімі аталған басшылар нысанның кермесін қиып, ішке кірді. Оларға ілескен аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Алтай Сауруков емхананың тыныс-тіршілігімен, жұмыс барысымен таныстырды. Мекемедегі кабинеттерді аралатып, дәрігерлердің атқарып жатқан жұмысын көрсетті. Өз кезегінде ақ желеңді абзал жандар өздеріне жүктелген функционалдық міндеттерді, оның ішінде емделушілерді қабылдау, тіркеу, оларға ем-дом жүргізу барысы туралы кеңінен баяндады.
Соңынан емхана ұжымының қатысуымен жиын өтті. Басқосуда Мелитта Якаб ауданның денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалап, өңір басшысы Сәкен Қаланұлына, бас дәрігер Алтай Мұхтарұлына ризашылығын білдірді.
Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ