Қырғыз делегациясы – аудандық емханада

Апта аралығында Жамбыл облысына көрші Қырғыз елінен іссапармен келген Қырғызстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медициналық қызметтер көрсету және қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Нұргүл Ибраева бастаған делегация аудандық емхананың тыныс-тіршілігімен, медицина қызметкерлерінің жұмысымен етене танысып қайтты.

Емханада емделушілерге арнайы көпсалалы дайындықтан өткен тәжірибелі дәрігерлер қызмет көрсетеді. Тұрғындарға сапалы алғашқы медициналық-санитарлық көмек беруді мақсат еткен мекемеде ақпараттық қолдау жүйесі жұмыс істейді. Соның ішінде тәулік бойы қызмет көрсететін call-орталық, сенім телефоны бар. Цифрландыруға да баса көңіл бөлінген.
Медицина қызметкерлеріне мемлекет тарапынан жасалынып жатқан қолдау шаралары қомақты. Бұған емдеу мекемесіндегі білікті мамандар мен мекеменің заманауи медициналық қондырғылармен және құрал-жабдықтармен толығуы дәлел.
Арнайы дайындалған слайд арқылы ауданның денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Алтай Сауруков: «Ұлт саулығы – бүгінгі таңда басты назарда. Сондықтан медицина қызметкерлерінің алдында халықтың денсаулығын жақсарту міндеті тұр. Біздің басты мақсатымыз да, бағытымыз да осы», – дей келе, ақ халаттыларға артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр екенін алға тартты.
Өз кезегінде топ мүшесі, «Қырғызстандағы алғашқы медициналық көмекке жәрдемдесу» GIZ жобасының кеңесшісі Марат Қалиев емхананың түрлі ауруларға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру деңгейін және жергілікті жұртшылыққа медициналық көмек көрсету тәсілдерін жоғары бағалады. Әріптесінің сөзін жалғаған Нұргүл Сапарқұлқызы мекемеде қажетті жағдайдың барлығы жасалғаны, ұжымда жас қызметкерлердің көптігі көңілге қуаныш ұялататынын айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.