Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайдаланылмай жатқан егістік жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі тапсырмасының орындалуын білу үшін Жамбыл ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасыноаһвпен сұхбат құрған едік.
– Бөлім тарапынан жайылым мәселесін шешуде қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Бұл бағытта облыстық жер қатынастары басқармасы тарапынан жайылым мәселесін шешу бойынша 5-бағыт белгіленген. Біз сол бағыттар бойынша жұмыс жасап жатырмыз.
– Нақтырақ айтсаңыз.
– Біздің бөлім мен ауылдық округтер тарапынан «Босалқы жерлер санатындағы жайылым жерлерді елді мекенге қосу», «Елді мекендер маңындағы 5 шақырым радиуста орналасқан жайылымдық жерлерді қайтару», «Мал бас көп тұрғындарды орман жер қорына шығару», «Шаруа қожалықтарының жерлеріне кедергісіз мал жаюға келісімге меморандум жасау», «Игерілмеген жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару» бағыттары бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді.
Атап айтқанда, босалқы жер қорындағы жалпы көлемі 9916 гектар жайылымдық жер ауылдық округтерге бекітіліп берілді. Ағымдағы жылдың есепті мерзімінде 5 шақырым радиуста орналасқан жалпы көлемі 2346 гектар жайылымдық жер учаскелері мемлекет меншігіне алынды. Жалпы 2021-2022 жылдар аралығында 3789 гектар жайылымдық жер, сондай-ақ биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы көлемі 3936 гектар, оның ішінде 725 гектар егістік, 24,79 гектар шабындық, 3186 гектар жайылымдық жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды.
– Дегенмен мәселе толығымен шешілген жоқ. Жергілікті тұрғындар малын қайда жайып жүр?
– Тұрғындардың 7153 бас малы «Көделі» және таулы аймақтарға шығарылған. Орман қорының 1919 гектар жеріне Қызылқайнар ауылдық округі тұрғындарының малдары жайылуда. Елді мекендерден 5-7 шақырым аймақта орналасқан ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға арналған жерлер бойынша, яғни жайылымдық жері бар 115 жер пайдаланушымен 48664 гектар жерге Меморандум жасалды.
– Ауданда игерілмей жатқан жерлер жоқ емес. Шаруалардың ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жерлерді мақсатқа сай пайдаланбауы неге әкеледі?
– Жер кодексінің 92-бабының 3-тармағына сәйкес, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жер учаскесін пайдаланбау фактісі алғаш рет анықталған кезден бастап бір жыл бойы мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайларда, жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады.
Жер учаскесiнің меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама табыс етілген күн жер учаскесін пайдаланбау фактісі анықталған кез деп есептеледі.