Ауыл шаруашылығы – еліміздегі ең маңызды салалардың бірі. Өйткені халықты азық-түлікпен және өнеркәсіпті шикізаттың кейбір түрлерімен қамтамасыз етуде дәл осы саланың рөлі орасан зор. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев асыраушы салаға баса назар аудару керектігін айтқан болатын Қазақстандықтардың 40 пайызынан астамы ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, аталған сектор дамуының мемлекет назарында болуы заңды. Жамбыл өңірінде де асыраушы сала басты назарда. Оған осы бағыттағы оң көрсеткіштер дәлел.
Биылғы жылы ауданда ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 58971 гектарды құрады. Оның ішінде күздік бидай 4580 гектарға, жаздық арпа 13307 гектарға, дәндік жүгері 1810 гектарға, майлы дақылдар 3020 гектарға, қант қызылшасы 730 гектарға, картоп 599 гектарға, көкөніс 8888 гектарға, бақша дақылдары 767 гектарға, мал азықтық дақылдар 25953 гектарға орналастырылды.
Аудан бойынша жалпы көлемі 17887 гектар жерге масақты дәнді дақылдар, яғни 4500 гектарға күздік бидай, 13307 гектарға жаздық арпа себіліп, бүгінде толығымен жиналып алынды. Түсім 34347 тоннаны, оның ішінде күздік бидай 7236 тоннаны, жаздық арпа 27111 тоннаны құрады. Әр гектардан орта есеппен 19,2 центнер өнім алынды. Егін орағына 56 комбайн жұмылдырылды.
Ауданда ағымдағы жылға шөп дайындау бойынша белгіленген жоспар көлемі – 160700 тонна болса, бүгінгі күнге дайындалғаны – 186444 тонна. Одан бөлек, 11000 тонна пішен, 10000 тонна сүрлем, 44510 тонна сабан дайындалған. Шөп ору науқанына 46 шөп оратын комбайн, 58 шөп тайлағыш тартылған.
Күзгі дала жұмыстары туралы айтар болсақ, ауылдық округтердің егістік жер көлеміне қарай келер жылдың өніміне арналып 4580 гектарға күздік бидай себу жоспарланған. Межеленген алқапқа қажетті 824 тонна бидай тұқымының 577 тоннасы лабораториялық сараптамадан тексеруден өткізілген. Бүгінде 4230 гектар жер дайындалып, 3790 гектарға күздік бидай тұқымы себілген. Күзгі дала жұмыстарына бөлінген 390 тонна дизель отынының 364,7 тоннасы операторлар арқылы қаржысы төленіп алынған.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын жинауда да көрсеткіштер көңіл көншітерліктей. Нақтырақ айтқанда 599 гектардан 14647 тонна картоп, 8888 гектардан 307177 тонна көкөніс, 1859 гектардан 10522 тонна дәндік жүгері, 3020 гектардан 4600,0 тонна майлы дақылдар, 767 гектар бақшадан 21468 тонна өнім, 722 гектардан 22251,4 тонна қызылшасы жиналған.