Қарбызын Таразға сатқан Айдар

Ақбастау ауылдық округіне қарасты Шоқай ауылының диқандары егін егуді мықтап қолға алған. Күні кеше ризық-несібесін жерден терген Айдар Хаджимуратов төрағалық ететін «Есей» шаруа қожалығының тындырымды тірлігімен танысып қайтқан болатынбыз. Осыдан 10 жыл бұрын құрылған қожалық соңғы жылдары қарбыз өсірумен айналысып келеді. Бұдан бөлек, жүгері, қауын, жоңышқаға да ерекше екпін берген.

– Әр жердің табиғаты әртүрлі. Біздің ауыл аумағында көкөніс, бақша дақылдары керемет өседі деп айта алмаймын. Оның үстіне егінсу да тапшы. Сондықтан диқандар жерге, табиғатқа, ағынсуға байланысты егін егеді. Негізі, Шоқай елді мекені қарбыз өсіруге өте қолайлы жер. Біздің ауылдың қарбызын тек ауданның ғана емес, Тараз қаласы мен Талас, Сарысу аудандарының саудагерлері арнайы іздеп келеді. Өнім жаппай піскенде Нұр-Сұлтан, Алматы, сонымен қатар Ресей еліне де жөнелтеміз. Биыл баға өткен жылға қарағанда біршама жоғары. Бұл дала төсін емген диқандар үшін өте тиімді болып тұр. «Қимылдаған қыр асады» демекші, биыл інім Жандар екеуміз 10 гектарға қарбыз ектік. Бүгінде өнімді шетінен өткерудеміз, – дейді Айдар Хаджимуратов.

Шынында, баптай білсең, жер-ананың жомарттығын аңғаруға болады. Ала жаздай еңбек еткен диқандардың төккен тері текке кетпейтініне көз жеткізесің. Иә, ала жаздай төккер тер, еткен еңбектің ақталғанына біз де қуаныштымыз.— Міне, өзіңіз көргендей, осынша аумаққа қарбыз ектік. Басында, қорқыныш та болды. «Өнім шықпай қалып, шығынға батсақ қайтпекпіз?» деген секілді. «Әй, осың шықпас» деп үрейімді үдеткендер де болды. Бірақ, еңбегіме сендім. Жер-Анаға сендім. Аллаға шүкір, жер несібесін берді. Піскен қарбыздарды саудалаудамыз. Осы өнімдер отбасымыздың күшімен егіліп, суарылды. Бақша егу оңай шаруа емес, аса күтімді қажет етеді. Дегенмен, бұл кәсіпке де бейімделіп қалдық, – дейді кәсіпкер.

Шаруаның айтуынша, қарбыз дақылы тың жерді, күн жылуын және қол күтімін айтарлықтай қажет етеді. Күтімі келісті болса, жаздың ортасында-ақ, алғашқы өнімін береді.  «Тек пайдакүнемділікке ерік беріп, оған неше түрлі химиялық қоспаларды қоспаған абзал. Пендеге тән тазалық пен адалдық нақ осы кәсіпте де аса қажет-ақ», – дейді бағбан.О баста 100 тонна өнім аламын деген жоспары болған. Биыл ауқымды аумаққа алғаш рет егіп отырған соң ептеп түсіне алмаған жерлері бар екен. Бірақ, алғашқы егіске 50 тоннадан артық қарбыз алу да жаман көрсеткіш емес. Келешекте кәсіп иесі шаруашылығын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Басқа да өнімдерді Арқа жерінде өсірмекші. Ал, жергілікті жұртшылық Сержанның қарбызын іздеп, көрші ауылдардан келуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.