Елімізде ҚР Білім министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен өтіп жатқан «Қатыгездік пен зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» атты республикалық ақпараттық науқаны аудан аумағындағы мектептерде де жалғасын табуда.
Бала еңбегін қанау проблемасы әлі де күрделі мәселелердің қатарында қалып отыр. Жүргізілген зерттеулер біздің елімізде де бала еңбегін қанаудың әлі де тыйылмай отырғандығын көрсетеді.
– Бала еңбегін қанау тұтастай экономиканың барлық өндірістік және өндірістік емес салаларында кездеседі. Мысалы, базарларда кәмелетке толмағандардың еңбегі, негізінен, көкөністер мен жемістерді сұрыптау, жүк тиеу жұмыстары кезінде қолданылады. Ал сирек жағдайларда жасы кіші балалар тіпті қайыршы ретінде пайдаланылуы мүмкін. Бала еңбегінің пайда болуына әкелетін факторлар – жұмыссыздық пен тұрмыс деңгейінің төмендігі, отбасылық қарым-қатынастардың өзгеруі мен экономикалық құрылымдағы өзгерістер. «Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы» Заңның 16-бабы бойынша әр баланың еңбек бостандығын, қызмет және мамандық түрін еркін таңдауға құқығы бар. Он төрт жастан асқан балалар ата-аналарының рұқсатымен оқудан бос уақытта денсаулығына, психикасына зиян келтірмейтін қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, мамандық алуға құқылы. Баланы ауыр дене жұмыстарына және еңбек жағдайлары зиянды, қиын жұмыстарға қабылдауға немесе тартуға тыйым салынады. 14-16 жастағы балалар аптасына 24, ал 16-18 жастағы жеткіншектер 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек, – дейді аудандық білім бөлімінің бас маманы Нұрлан Үсіпбеков.
Республикалық ақпараттық науқан аясында ауданда 93 іс-шара өткізілді. Атап айтсақ, «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» тақырыбында оқушыларға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, баяндамалар жасалды. 2-6-сынып оқушылары «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» атты сурет көрмесін тамашаласа, «Қатыгездік, зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» ұранымен 8-сынып оқушылары флешмоб биледі. Ал 9-сынып оқушылары эссе жазып, байқауларға қатысты. Мектеп психологтары «Отбасындағы қатыгездікті қалай тоқтатамыз?» тақырыбында 6-7-сынып оқушыларына тренинг өткізсе, әлеуметтік педагогтар «Бақытты отбасы» атты акция ұйымдастырды. Сонымен қатар 4-6-сынып оқушылары арасында «Біз қауіпсіз балалық шақты қалаймыз» атты сурет байқауы өткізілді. Жалпы, 8-20 қараша аралығында өткізілген іс-шараларға 1874 ата-ана, 9547 оқушы қатысты.
Салауатты өмір салтын қолдау мақсатында мектеп медбикелері гигиеналық талаптар бойынша баяндама оқып, құқық қорғау органдары мен білім бөлімінің қызметкерлері, мектеп директорлары 31 жедел алдын алу шараларын өткізді.