Астанада NIS-тің «Биомедицина, инженерия и технологиялар» атты ХII Наурыз кездесулері өткізілді.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында «Биомедицина, инженерия и технологиялар» атты ХII Наурыз кездесулері ұйымдастырылды.
Наурыз кездесулері – оқушылардың ғылыми таланттары мен зерттеушілік шабыттырын көктем мерекесінің ең маңызды салт-дәстүрлерімен тоғыстыратын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының айрықша дәстүрі. Наурыз кездесулері 2011 жылдан бері өткізіліп келеді және заманауи ғылымның жаһандық басымдықтары ішіндегі ең өзекті тақырыптарға арналады.
Астанада денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект, робототехника, машиналық ойлау және үлкен деректерді енгізу жобаларымен табысты жұмыс істеп келе жатқан барлық Зияткерлік мектептердің жас ғалымдары жиналды. Мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстары 3D-биопринтингке, ақылды протездер мен биоинтерфейстерді жасауға және заманауи медицинаның басқа да өзекті басымдықтарына арналады.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев NIS-тің Наурыз кездесулерін үлкен ғылымға жасалған алғашқы қадам деп атады.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Ануар Жанғозин Кездесулердің басты тақырыбына айналған биомедицина мен денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект пен машиналық ойлауды енгізудің өзектілігін және жас өнертапқыштардың жаһандық ғылымның сұранысқа ие бағыттары бойынша жұмыс істеуге деген ұмтылысын ерекше атап өтті:
– Наурыз кездесулері Назарбаев Университетінің Медицина мектебі және Инженерия мен цифрлық технологиялар мектебі, «University Medical Center» корпоративтік қоры Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы және Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы ауруханасымен серіктестікте өтуде. Биомедицина, инженерия және технология салаларына байланысты мамандықтарды таңдаған оқушыларымыз мен түлектеріміздің көбі білімдерін Назарбаев Университеті мен басқа да қазақстандық жоғары оқу орындарында жалғастырып, кейін отандық ғылым, медицина, фармацевтика, биоинженерия және цифрлық технологияларды ілгерілету жолында жұмыс істеуді жоспарлап отыр.
– Бүгінде жасанды интеллект пен BIG DATA медицинада революяция жасауда. Осы қайталанбас шараның бүгінгі қатысушылары болашақта біздің университеттің студенті атанып, тек қазақстандық ғана емес, әлемдік ғылымды да насихаттайтынына үміттенеміз, – деді Назарбаев Университетінің медицина жөніндегі вице-президенті, Медицина мектебінің деканы Массимо Пиньятелли.
Наурыз кездесулері қатысушыларына Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығының балалар хирургиясы бөлімінің жетекшісі Дастан Рүстемовтің баяндамасы ерекше шабыт берді. Спикер балалар хирургиясының ерекшеліктері мен жаңашылдықтары туралы айтып берді:
– Қазір қазақстандық медицина қарқынды дамып келеді. Бүгінгі күні ең күрделі ағзаны ауыстыру оталарын жасауға мүмкіндік бар. Біздің орталықта ана құрсағында жатқан нәрестелерге де ота жасауға болады. Елімізде және дүниежүзінде балалар хирургиясы мамандары жетіспейді. Наурыз кездесулерінің қатысушылары болашақта біздің әріптестерімізге айналады деп сенеміз.
Наурыз кездесулерінің қатысушылары үшін ауқымды танымдық және мәдени бағдарламалар дайындалды: елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің «NIS Engineering» техноториясында робототехника және дизайндық ойлау бойынша мастер-кластар, көктем мерекесіне орай «Құрманғазының әйгілі бес күйі» мен «100 ән» атты шығармашылық сағаттар, «Наурыз тартуы» концерттік бағдарламасы, қазақ халқының сәндік қолданбалы өнерінен түрлі сабақтар бар.